Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордалық полицейлер жанып жатқан үйден тұрғынды аман алып шықты

Опубликовано:

өрт
Көрнекі фото: forpostsevastopol.ru

Қызылорда қаласы полиция басқармасының қызметкерлері өрт шыққан үйдің тұрғынын тілсіз жаудан құтқарды деп хабарлайды Polisia.kz.

7 қаңтар күні кешкі сағат 19:52 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне Тасбөгет кентінің шетінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінен өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті.

Полиция қызметкерлері жедел қызметтерге хабарласып, оқиға орнына дереу жетіп, шұғыл қызметтердің келуін күтпестен іске кіріскен. Полицейлер оқиға орнына жеткен кезде тілсіз жау үдеп, үйдің іші қою түтін басқан.

Қою түтін арасынан жол тапқан полицейлер мен көршілер үй ішін тексеріп, бөлмелердің бірінде жатқан ер адам көрген. Олар түтіннен уланған азаматты сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Құтқарылған азаматтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

"Бірі қалмай сыртқа шығарылғанына көзіміз жеткенше үйге кіріп, түтінге оранған бөлмелерді қайта-қайта тексердік", – дейді полиция қызметкерлері.

Өртті ауыздықтау барысында үйде газ баллондары бар екендігі белгілі болды. Полицейлер электр құрылғыларын толығымен өшіріп, төрт газ баллонын сыртқа шығарды.

Осылайша, полицейлердің батыл шешімі адам шығынының алдын алды. Құтқарушылардың келуін күтпей-ақ басын қатерге тіккен Қызылорда қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары Қайрат Утембетов, Нұржан Маханбетжанов және патрульдік полиция қызметкері Әскербек Джанабергенов нағыз азаматтықтың үлгісін көрсетті.

"Қандай жағдай болмасын бірінші кезекте халыққа көмектесу міндетіміз. Бұл әрекетімізді ерлік немесе батырлық деп санамаймыз. Менің орнымдағы әрбір полиция қызметкері болса солай жасар еді. Бастысы адам өмірін арашалап қалдық", – дейді учаскелік полиция инспекторы Қайрат Утембетов.

Қазіргі таңда мамандар өрттің шығу себептерін анықтауда. Антына адалдық танытқан қайсар полицейлер марапатқа ұсынылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892786-kyzylordalyk-policejler-zanyp-zatkan-jden-trgyndy-aman-alyp-sykty/

pixel