"Бес баламның көзінше жас қыз алып келді": Күйеуі тоқал алған әйел жан сырын ақтарды
Жарияланған күні:
Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған "Жан-Сая" дағдарыс орталығын паналаған Ләйлә (кейіпкердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында есімі өзгертілді – ред.) есімді бес балалы әйелдің тағдыр хикаясы көптеген жанды алаңдатты. Шын сүйіп қосылған жары түбінде сатқындық жасап, бес баласының көзінше жас қызды алып қашып келгені оның өмірінің астаң-кестеңін шығарады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол алғашында бақытты басталған өмір жолының кейін қалай шырғалаңға айналғанын айтып берді.
Ләйлә сүйіктісімен жас кезінде танысқан. Екеуінің бір-бірін қатты ұнатқаны соншалық, ол әпкелерінің қарсылығына қарамастан, жоғары оқу орнын аяқтамастан тұрмысқа шығуға келісім береді.
Алғашында жары Ләйләны алақанында ұстап, шынайы ғашықтардың өмірі бірқалыпты өтіп жатты. Уақыт өте келе олардың отбасы кеңейіп, дүниеге бірінен соң бірі бес бала келді. Бес балалы отбасын асырау да, балаларды бағып-қағу да оңай емес. Оның үстіне, бала тәрбиесіне енесі де тікелей араласып, Ләйлаға мүмкіндік бермеген болатын. Уақыт өткен сайын күйеуінің де мінезі өзгере бастады.
"Үй шаруасы мен бес баланың, ене мен күйеудің қамын жасаудан басқа менде мақсат болған жоқ. Бар уақытым, бар өмірім тек отбасым үшін өтіп жатты. Бірақ мұның бәрінің де қайтарымы болған жоқ. Балаларым мені тыңдамайтын. Оған себеп – бала тәрбиесіне енемнің араласып, өз балаларымды өзіме қарсы қойғаны. Енем мен күйеуімнің мені кемсітіп, қыспаққа алғанынан эмоционалды күйзеліске ұшырадым. Одан бөлек, үй шаруасынан басқа жұмысым болмағандықтан, тұлға ретінде дамуым да кешеуілдей берді. Мұның бәрі біздің отбасылық қарым-қатынасымыздың бұзылуына әсер етті", - дейді ол.
Ләйлә өзін көштен қалып қойған адамша елестететін. Балалары тіл алмайды, енесі үнемі кемсітеді, ал күйеуі мұны адам қатарына қосудан қалған. Мұның бәрі Ләйлә үшін де, оның отбасы үшін де жақсы аяқталған жоқ.
"Бес балам болған соң отбасымды сақтауға барынша күш салдым. Бірақ менің қолымнан келмеді. Себебі, күйеуім бес баламның көзінше үйге жас қызды алып қашып келді. Маған таксиге ақша беріп, үйден кетуімді сұрады. Бұл мен үшін өте ауыр соққы еді. Қанша жерден ұрыс-керіс болса да біздің жанұямыздың тап осылай күл талқаны шығады деп ойламадым. Бұл жерден менің кінәм не екенін де білмеймін. Мүмкін, бала тәрбиесінде қате жіберген шығарын. Мүмкін, жақсы жар бола алмаған шығармын. Бірақ ешбір әйел дәл мұндай сорақылыққа лайық деп ойламаймын. Бес бала тауып, барлық қиындықта қолдаған адамың саған осылай сатқындық жасаса, бұған шыдау мүмкін емес. Ол тоқалының көзінше мені ұрып-соғып, үйден қуып шықты. Содан соң төрт баламен дағдарыс орталығына келдім. Бір баламды енем алып қалды", - дейді ол.
Дағдарыс орталығы мамандарының айтуынша, Ләйлә және оның балаларымен тіл табысу оңай болмаған. Өйткені, балалары агрессияға бейім әрі тіл алмайтындар қатарында еді. Одан бөлек, Ләйләнің өзіне деген сенімін қайтарып, қалыпты өмірге бейімдеу де ұзақ уақыт алған. Бүгінде олардың жағдайы қалыпты. Балаларда агрессия төмендеп, Ләйла айналасындағы жағдайды жақсы түсіне бастаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892891-bes-balamny-kzinse-zas-kyz-alyp-keldi-kjeui-tokal-algan-jel-zan-syryn-aktardy/