Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетовтің орнынан кететіні туралы сыбысты естіген мұғалімдер уайымдап қалды

Жарияланған күні:

Мұғалімдер
Көрнекі фото: bilimdinews.kz

Президенттің үкіметті тарату туралы мәлімдемесінен кейін мұғалімдер қауымы Білім және ғылым министрі үшін алаңдап қалды. Олар Асхат Аймағамбетовтің орнында қалғанын жөн санайтынын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл сұрақты әлеуметтік желідегі Қазақстан ұстаздары тобының мүшесі, мұғалім Роза Жұмәділова көтерді.

"Президент Үкіметті тарататынын айтты. Министріміз Аймағамбетов мырзаны қалдырса жөн болар еді. Бастаған ісін аяқтауға, әрі мұғалімдер үшін ең жанашыр министр болғандықтан", - деп жазды ол басқа мұғалімдерден пікір білдіруін сұрап.

Жазбаға 450-ден астам пікір келіп түсті. Еліміздің педагогтары бірауыздан қазіргі министрдің қалуын тілейтіндерін жеткізді.

"Біз енді ғана білімді адам жұмыс істеп жатқанын көріп жатырмыз", "Қолдаймыз! мықты,сауатты,білімді министр,әрі ұстаздар мәртебесін арттыруда қолдау көрсетер нағыз елдің қамын ойлайтын іскер басшы", "Өз басым министр орнында бола тұрғанын құптаймын", "Қолдаймын! Асхат Аймағамбетов бастаған ісін жалғастырсын!", "Дұрыс бастама жасап еді, Аймағамбетовті ауыстырса, ұрпақ болашағына немқұрайды қарағандықтары болады. Ауыстырмай, нәтижесін көруіміз керек", - деп жарыса пікір жазуда мұғалімдер.

Алматылық педагог Сұлтан Сүлеев министрдің отставкаға кетуін мұғалімдер қауымы бұрын-соңды дәл осылай уайымдамағанын айтады.

"Ұстаздар 2019 жылғы отставкада да осылай уайымдамап еді. Министрдің кетеді -деген сыбысының өзі мазалап жатыр. Министрді ешқайда жібермейді. Үкіметті жаңа парламент алдында отставкаға жіберіп, жаңа үкімет жасақтау конститутциялық шара. Қайта тағайындалатынына сенімдімін. Ол кісінің реформалары мен бастамаларын басқа адам аяқтай алмайды. Сондықтан арты жақсылық болады деп күтейік",-дейді мұғалім.

Желіде тарап кеткен үкіметтің жаңа құрамы бар сурет мұғалімдердің алаңдауына негіз болған. Онда Асхат Аймағамбетовті үкімет басшысының орынбасары ретінде белгілеп қойған.

Еске сала кетсек, Қазақстан заңнамасына сәйкес, мәжіліс сайлауынан кейін үкімет отставкаға кетуі тиіс. Бұл жөнінде кеше Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893162-ajmagambetovti-ornynan-ketetini-turaly-sybysty-estigen-mgalimder-uajymdap-kaldy/