Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қырғызстанның болашақ бірінші ханымы туралы не білеміз

Опубликовано:

Айгүл Асанбаева
Айгүл Асанбаева. Фото: facebook/@elnura.kulueva

Алдын ала болжам бойынша, Қырғызстандағы президенттік сайлауда Садыр Жапаров көш бастап тұр. Оның жұбайы Айгүл Асанбаева бірінші ханым болуға дайындалып жатыр деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

47 жастағы Айгүл Асанбаева Садыр Жапаровқа 26 жасында тұрмысқа шыққан. Болашақ бірінші ханым Иссык-Кул облысы Тюп ауданы Сан- Таш ауылында дүниеге келген. Қаракөлдегі медициналық училищеде оқып, кейін И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің педагогика факультетін бітірген. 18 жасында 23 жастағы Садырмен танысып, үш жылдан кейін үйленеді. Ерлі-зайыптылардың төрт баласы бар, сондай-ақ олар Садыр Жапаровтың інісінің ұлын тәрбиелеуге алған. Балалардың есімі: Дастан, Рустам, Ринат, Нұрдоолот және Жанайым.

Өткен жылы Дастан әйелімен бірге жол апатынан қаза тапты. Ал Рустам 2019 жылы отау құрып, 2020 жылы Саара есімді қыздың әкесі атанды. Асанбаева "күйеуі саяси қуғынға ұшыраған уақытта балаларымен бірге шетелде үш жыл тұрған". Бұл туралы басқа БАҚ беттеріндегі сұхбатта айтылады.

Олар Ресей мен Польшада тұрған. Жапаров қырғыз- қазақ шекарасында ұсталған уақытта ұлы Рустам жарты жылға жуық уақыт уақытша ұстау изоляторында болды. Асанбаева елдің бірінші ханымы Раиса Атамбаеваға өтініш жасап, ұлын босатуды сұраған.

"Таныстар арқылы бірінші ханымға шығып, одан көмектесуді сұрадым. Бірақ, ол мұндай мәселелерге араласпайтынын айтты. Бәрін бірдей босату қажет демеймін. Мен заңға қайшы әрекет жасамаған ұлым үшін сұрадым. Ол тек әкесін күтіп алғысы келді. Бірінші ханым болу екінің біріне берілетін мүмкіндік емес. Бұл - Алладан келген белгі. Сондықтан, мейірімді болу қажет",- деген Асанбаева.

Айгүл Асанбаева әрдайым күйеуіне қолдау білдіріп жүрді. Ол БАҚ беттерінде жарын қорғап, наразылық акцияларына қатысты. Асанбаеваның өзі де саясаттан алыс емес.

2020 жылғы парламенттік сайлауда ол "Мекенчил" партиясының қатарында Жогорку Кенеш депутаттығына дауысқа түсті (тізімде 24-орын). Бірақ ол жерде Асанбаева төлқұжаты бойынша Гүлнұр есімімен тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893180-kyrgyzstanny-bolasak-birinsi-hanymy-turaly-ne-bilemiz/

pixel