Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүгін Қонаевтың туған күні: Мемлекет қайраткерінің 10 нақыл сөзі

Опубликовано:

Дінмұхамед Қонаев
Фото: 6alash.kz

Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 109 жыл толып отыр. KAZ.NUR.KZ тілшісі қазақтың біртуар азаматы, отыз жылдан астам ел басқарған алып тұлғаның ел аузында қалған есті сөздерін назарыңызға ұсынады.

1. Өмірдің екі тірегі: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.

2. Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын.

3. Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.

4. Панам да – ел, данам да – ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.

5. Жалада шындық болмайды

6. Өмір деген осы, бүгін бар, ертең жоқсың. Сен кетті екен деп өмір-өзен ағысын өзгертпейді.

7. Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып кетуі әп-сәтте .

8. Сенім — құдіретті күш: тауды да қозғайды.

9. Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.

10. Адамға жазаның ең үлкені - жұмыссыз қалдыру.

Айта кетейік, Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында туды.

Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы үлес қосты.

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Оның қатарында өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары бар.

Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.

Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсібі, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектермен зерттеулер жазған ол біраз ғылыми жұмысын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды.

Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.

Дінмұхамед Ахметұлы 1993 жылғы тамыз айында 82-жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893273-bgin-konaevty-tugan-kni-memleket-kajratkerini-10-nakyl-szi/

pixel