Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сиыр сауам, сүтін сатам": Ауыл өмірін насихаттап жүрген блогерлер туралы не білеміз

Опубликовано:

Фото
Фото: Әбдіқадыр Наурызбектің әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Елімізде жылтыраған бет пен жалғанған кірпікке толы әлуметтік желідегі суреттерді жаңа контент алмастыруда. Қойды бағып, биені сауып, ішек-қарын тазалап, бас ұйытқан ауылдың қарапайым ұл-қыздары миллиондаған қаралым мен мыңдаған оқырман жинап, әп-сәтте "жұлдызға" айналып жатқаны ақиқат. Осы орайда Еуразия бірінші арнасы көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген отандық блогерлер туралы қызықты ақпарат ұсынды.

Шопан ата баласы, Жамбыл облысының тумасы Әбдіқадыр Наурызбек тик-токта танылған елдегі ең атақты блогерлердің бірі. Ауылда өскен қарапайым қара баланың өмірін 2 миллион оқырман бақылайды.

Әкесіне қолқанат болып, бос уақытында қой бағатын 15 жастағы жасөспірім әп-сәтте желі жұлдызы атануына атасы себеп болғанын жасырған жоқ.

"Атам маған осындай блогер бол, осыны көр деді. Ертең блогер болсаң бәрі тамаша болатынын айтты. Атамның өзіне де тик ток ұнайды. Оны қарайды", - деді Әбдіқадыр Наурызбек.

Ал түркістандық Жандос Бақыт та ауылда тұрғанына бақытты. Ол өмірдің қызығы мен шыжығын камераға таспалап, оқырмандарына ұсынады.

Өзін "ауыл вайнерімін" деп таныстыратын жігіттің негізгі мақсаты ауылды брендке, мал шаруашылығын трендке айналдыру екен.

"Шетелдің нәрселерін брендке айналдыра бермей, ауылдың нәрселерін брендке айналдырсам, осындай жетістікке жетсем деймін", - деп ағынан жарылды түркістандық.

Малдың бас сирағын ұйытып, оны өзге аруларға үйретіп жүрген Айнұр Халхабай да көпке үлгі.

Өзгелері сияқты бейәдеп бимен, ерсі әнмен емес, күнделіті өмірін бүкпесіз көрсетумен танылған.

Ол ауылдан екенін мақтан ететінін жеткізді.

"Кейбірі ауылдан екенін айтуға ұялады. Мысалы Шымкенттің бір жеріндегі ауылдан болса, Шымкенттің өзіненмін деп айта салады", - дейді Айнұр Халхабай.

Фото
Видеодан кадр: Еуразия бірінші арнасы

Сонымен қатар, ауылда тұрып-ақ жетістікке жетуге болатынын дәлелдеген аталған блогерлер қазір жан-жақтан жарнамалар түсіп жатқанын сөз етті.

"Блогерлік жолмен немесе бір 15 минутта тапқан ақшаны мен адал термен келген ақша деп ойламаймын. Сондықтан ол ақшаны қайырымдылыққа жұмсаймын. Ал Құдайға шүкір бәрі өзіме жетеді. Сиырымды сауам, сүтін сатам", - деді ол.

Телеарна мәліметінше, ауыл өмірін насихаттайтын блогерлердің аудиториясында шетел азаматтары да көптеп кездеседі екен. Арасында Қазақстанға келуге қызығып, ауыл тіршілігіне ғашық болғандары да бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893308-siyr-sauam-stin-satam-auyl-mirin-nasihattap-zrgen-blogerler-turaly-ne-bilemiz/

pixel