Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жыныс мүшесін үлкейткісі келетін еркектер көп": Дәрігер ер адамдардың басты ауруларын айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Олжас Иманғалиұлының әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Бүгінде ерлер арасында жыныстық жолмен берілетін аурулар мен белсіздік көбейген. Сондай-ақ отыздан асқан жігіттерде кездесетін простатит белгілері небары 18 жастағы жасөспірімдерден анықталып жатыр. Уролог-андролог дәрігер Олжас Иманғалиұлының айтуынша, бұған жыныстық қатынасқа тым ерте түсу, бейберекет төсек қатынасына бару және қаптаған фастфуд арқылы тамақтану себеп. KAZ.NUR.KZ он жылдан бері уролог-андролог дәрігер ретінде қызмет ететін Олжас Иманғалиұлынан жыныстық сауаттылыққа қатысты маңызды сұрақтарға жауап алды.

Олжас Иманғалиұлы 2009 жылы Қазақ Ұлттық медициналық университетін бітірген. Бүгінде ол уролог-андролог ретінде талай ер адамға кеңес беруде.

Дәрігердің айтуынша, еліміздегі еркектердің урологқа уақытылы көрінбеуіне қазақы менталитет те әсер етеді.

"Қазақтың жігіттері уролог алдына өз еркімен келмейді. Көп жағдайда үйленген соң жүгініп жатады. Мәселен, үйленіп, бала сүйе алмаған еркектің әйелі гинекологқа қаралады да, күйеуінің де қоса емделуін талап етеді. Сол кезде ғана, балалы болмай жатқан соң амалсыз уролог алдына келуге мәжбүр болады.

Менталитетті, ұятты бірінші орынға қойып, урологқа дер кезінде көрінбеуі салдарынан көптеген жыныстық аурулар асқынады. Сондықтан, 40 жасқа дейінгі ер адамдардың жылына бір рет, қырықтан асқан еркектердің жылына екі рет урологқа тексерілгені дұрыс. Өйткені, қырықтан кеткен соң көптеген қуықасты аурулары асқынады", - дейді дәрігер.

Андрологтың айтуынша, дәрігерге уақытылы қаралған еркектер көптеген аурулардың алдын алады.

"Егер еркек өз денсаулығына алаңдап, дәрігерге қаралатын болса, бірінші кезекте простатиттің алдын алады. Сондай-ақ белсіздік, ұрықтың мерзімінен бұрын шығуы, бедеулік, бала сүйе алмау, ерлердің жыныс мүшесінің дұрыс дамымай қалуы сынды келеңсіздіктерді реттейді. Бүгінде өзінің жыныс мүшесіне қанағаттанбай, бізден кеңес сұрап келетін еркектердің де көптігін ұмытпау керек", - дейді ол.

Олжас Иманғалиұлы қазіргі еркектерде қандай аурудың көп кездесетінін айтты.

"Үлкен кісілерде қуықасты безінің қатерсіз ісінуі, яғни, аденома, простатиттің ұлғаюы көп. Ал былайғы кезде отыздан асқан соң қылаң беретін простатит 18-19 жастағы жігіттерде көп. Өз тәжірибемде көп кездестіріп жатырмын. Простатиттің жасаруына басты себеп – бейберекетсіз, тым ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу, экологиялық жағдайлар мен фастфуд дер едім.

Жыныстық қатынасқа ерте түсудің соңы белсіздікке, бедеулікке апаратынын көп жастар түсіне бермейді. Бүгінде осындай мәселемен тексеріліп жүрген қанша адам бар бізде?! Сондықтан, әр жанұяда жыныстық тәрбие дұрыс берілуі керек. Ұрпақтың құрып кетуіне жол бермеуіміз қажет", - дейді ол.

Сонымен қатар уролог-андролог дәрігер төсектегі қауқары азайған еркектердің де көп кеңес сұрайтынын жасырған жоқ.

"Өкінішке қарай, төсектегі қауқарының азайып кеткенін айтып, алдымызға келетіндер күн сайып артып жатыр. Төсек қатынасы кезінде еркек белсенділігінің төмендеуіне қуықасты безінің қабынуы, қан айналымның дұрыс болмауы, дұрыс тамақтанбау, фастфуд әсер етеді. Қант диабетіне ұшыраған ерлерде, инфаркт, инсульт алған адамдарда төсектегі белсенділік әлдеқайда төмендейді. Қазіргі жанұялар 1-2 баламен шектеліп жатқанының себебі сол. Ерте жыныстық қатынасқа түсу де кері әсерін тигізеді", - дейді Олжас Иманғалиұлы.

Сөз соңында дәрігер жыныс мүшесіне көңілі толмай, үлкейткісі келетін ер адамдардың артып жатқанын да тілге тиек етті.

"Рас, өзінің жыныс мүшесіне көңілі толмайтын еркектер көп. Олар көп жағдайда әйел алдында өзін төмен сезініп, ыңғайсызданғандықтан жыныс мүшелерін үлкейткісі келеді. Аппарат арқылы, операция арқылы мүшесін өсіріп жатқандар бар. Жасөспірім шақтан ересек кезге ауысқан кездегі гормондық өзгерістер бұған әсер етеді. Сол кезде ағзадағы гормон жетіспеушілігінің орнын толтыратын болса, жыныс мүшесін өсіру мүмкіндігі жоғары", - дейді ол.

Олжас Иманғалиұлы еркектердің дәрігер ретінде өзінің басты кеңестерін айтты.

"Әр еркек өз денсаулығына жауапты. Ерте жыныстық қатынасқа түсудің қажеті жоқ. Кәмелеттік жасқа толмаған жастарға осыны ескерткім келеді. Түрлі жыныстық аурулардың алдын алып, қорғану мүшеқаптарын дұрыс пайдалана білген жөн. Фастфудты мүлдем доғарыңыздар. Бұл денедегі бос май қышқылдарының көбейіп, тестестеронның азаюына алып келеді. Ал мұның салдары ауыр", - дейді дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893340-zynys-msesin-lkejtkisi-keletin-erkekter-kp-driger-er-adamdardy-basty-aurularyn-ajtty/

pixel