Жамбыл облысында су тасқыны болды
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Майтөбе ауылы маңында су тасқыны болды. Оқыс оқиға "Тараз-Қаратау" тас жолының 75-шақырымында тiркелген деп хабарлайды "Хабар 24".
"Оған себеп – қардың көп еруі мен жауын-шашынның жаууы", – деп түсіндірді мамандар.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Көлік қозғалысы тұраланбаған. Қазір жол төсемінің бойындағы дренажды каналдың суын бұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілеріне үндеу жасаған болатын. Ведомство тұрғындарды ауа райының нашарлауы және жолдардың жабылуы туралы хабарламаларға бей-жай қарамауға шақырып отыр.
ІІМ мәліметінше, екі күннің ішінде (10-11 қаңтар) елімізде 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жеті адам қаза тапқан, 50 адам түрлі жарақат алған. Полицияның күшімен қар құрсауынан 30-дан астам көлік шығарылған.
"Қазгидромет" РМК өкілдерінің хабарлауынша, 13 қаңтарда Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында ауа райының нашарлауы күтілуде.
Осы орайда ІІМ аталған аймақтардың тұрғындарын ұзақ сапарлардан бас тартуға шақырады және жүргізушілерге қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен көліктер арасындағы қашықтықты қатаң сақтау керектігін ескертеді.
Айта кетейік, 12 қаңтарда ауа райының күрт нашарлауынан Нұр-Сұлтан-Теміртау күре жолында 15 көлік, Қарағанды-Теміртау тас жолында алты көлік соқтығысқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893484-zambyl-oblysynda-su-taskyny-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.