RU

"Өлтіріп аламыз ба деп қорықтым": СҚО-да полиция қызметкері толғағы қысқан әйелді босандырып алды

Фото
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл фельдшері мен полиция қызметкері толғағы қысқан әйелді аман-есен босандырып алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, Мағжан Жұмабаев ауданы Рощино елдімекенінің фельдшері сағат кешкі 19.00 шамасында көрші Хлеборобное ауылындағы сайлау учаскесінде кезекшілікте тұрған полиция қызметкері Ольга Кангозиндан көмек сұраған.

Медицина қызметкері аудан орталығы Булаев қаласына толғағы басталған 34 жастағы келіншекті алып шыққанын жеткізіпті. Алайда аудандық ауруханаға жете алмайтындығына алаңдап, жақын маңдағы медициналық пунктке тоқтаған.

Жергілікті фельдшер-акушерлік пункті мен сайлау учаскесі іргелес орналасқан екен.

Тәртіп сақшысы дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда келіншектің толғағы қысқан соң, аудандық ауруханадағы дәрігерге қоңырау шалып, соның нұсқауы бойынша әрекет ете бастайды. Нәтижесінде дүниеге шекесі торсықтай ұл келген.

"Мен әлі күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрмін. Қайшыны дезинфекциялап, баланың кіндігін кестім. Ер бала екен. Өлтіріп аламыз ба деп қорықтым. Бала туғаннан кейін еш дыбыс шығармады. Арқасынан қаққаннан кейін ғана шыр ете түсті. Сонда ғана келіншекті аман-есен босандырғанымызға көзім жетті", – дейді Ольга Кангозина.

Ольга өзі де ана. Ол кезінде акушер-дәрігерлердің өзіне айтқандарын есіне түсіріп, соларды босанып жатқан келіншектен орындауын сұраған.

Полиция қызметкерінің айтуынша, мансабында ең қиыны әйелді босандырып алу болыпты.

"Шынымды айтсам, қатты қорықтым", - дейді ол.

Ал өмірге келген нәресте ерлі-зайыптының үшінші баласы, әке-шеше оған Даналы деген есім берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893499-ltirip-alamyz-ba-dep-koryktym-trtip-saksysy-tolgagy-kyskan-jeldi-bosandyryp-aldy/