Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетов студенттерге қатысты жағымды жаңалықпен бөлісті

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Фото: Askhat Aimagambetov / Facebook

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласында заңға түзетулер енгізілгенін айтып, колледж студенттеріне қатысты жағымды жаңалығымен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы министр өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Жуырда заңға енгізілген жаңа түзетулер ТжКБ (техникалық және кәсіптік білім) беру деңгейін де қамтығанын айтқан болатынмын. Жаңа өзгерістер туралы толығырақ тарқатып өтейін", - деп өзгерістерге тоқталды ол.

Аймағамбетовтің айтуынша, енді колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігі бар. Себебі, студенттердің қосарлы оқыту жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелетін болады.

Одан бөлек, бекітілген заңнамаға сәйкес уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталған.

"Бұған дейін біз әр біліктіліктер бойынша білім алу мерзімдерін қатаң бекітетінбіз. Орташа есеппен алғанда, оқу мерзімі 2 жылдан 3 жыл 10 айға дейін жалғасатын. Енді оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижелеріне байланысты болады", - дейді ол.

Министр жұмысшы және орта буын мамандарын даярлауда колледждердің икемділігін арттыра түсетін заңдағы өзгерістер туралы да сөз қозғады.

"Жаңа өзгерістерге сәйкес колледждер жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейтін болады. Кейін оны ҚР БҒМ бағдарламаларының тізіліміне қосып, соған байланысты кадрлар дайындайды... Яғни, колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын өздері қалыптастыратын болады", - дейді ол.

Аймағамбетов колледж өкілдері көтерген тағы бір мәселе шешімін тапқанын мәлімдеді.

"Енді колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады. Мәселен, "Дәнекерлеу ісі" мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциялар жасайды, жас кондитерлер керемет өнімдер пісіреді, қолөнер бағытындағы мамандықтары бойынша оқитын студенттер киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Бірақ оның бәрін сата алмайтын.

Енді олар өз қолымен дайындаған өнімдерін (жұмыстарын, қызметтерін) сата алады және түскен табыс есебінен шеберханалар үшін қосымша шығын материалдарын сатып алуына болады", - дейді министр.

Аймағамбетовтің сөзінше, оң шешімін тапқан тағы бір мәселе бар.

"Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарына қарасты біраз колледждер жұмыс істейді, бірақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол оқу орындары бюджет есебінен кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс ала алмайды. Жаңа түзетулерге сәйкес бұл мәселе оң шешімін тапты. Мемлекеттік тапсырысты алу үшін колледждердің аккредиттеуден өтуіне қатысты талаптар алынып тасталды", - дейді білім және ғылым министрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893514-ajmagambetov-studentter-sin-zagymdy-zaalykpen-blisti/

pixel