RU

Ақтөбеліктер шошқа фермасының алдына тағы да наразылыққа шықты (фото)

Фото
Фото: NUR.KZ

Бүгін Ақтөбеде облыс әкімінің бірінші орынбасарымен бірге прокурор, полиция қызметкерлері бастаған топ Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының алдына келді. Жергілікті билік пен құзырлы орган өкілдері ауыл тұрғындарына шошқа базасына қатысты жұмыстардың сотпен тергеліп жатқанын түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ал ферманың алдына ертемен жиналып алған ауыл тұрғындары әділдік іздеп жүргендерін айтты. Әкімдік қойған талапты орындамай отырған ферма басшысының әрекеті тұрғындардың ашуын туғызған. Олар осыған дейін қазылып алынған ішек-қарын мен өлекселерді қайта көміп, айғақтар жойылып кетеді деп алаңдайды.

"Ешқандай нәтиже жоқ. Біз шындықты білуге келіп тұрмыз. Тергеу жүріп жатқанда олар айғақтарды жойып жатыр. Оған кім рұқсат берді?",- дейді ауыл тұрғыны Нұрбек Жұбанқосов.
Фото
Фото: NUR.KZ

Қазіргі уақытта халық екіге бөлінген. Оның бірі ауылға экологиялық залал келтіріп отырған ферманың жабылуын немесе бағытын өзгертуін талап етсе, екінші тараптағы база жұмысшылары ферма жұмысына кедергі келтірмеуді сұрайды.

"Құзырлы орган неге талап етпейді? Халық неге екіге бөлініп кетті. Мәселені шешу керек",-дейді тұрғын Көзбаев Қалабай.

Келісе алмаған тараптардың арасына облыс әкімінің бірінші орынбасары мен прокурорлар арашаға түсіп, әрең басты.

"Экологиялық заң бұзушылықтарға қатысты тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Құқықтық баға беріледі. ҚР ҚК-нің 332 бабы мен іс қозғалды",- деді облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстанов.

Фото
Фото: NUR.KZ

Ал облыс әкімінің орынбасары бір ай бұрын шошқа фермасына салынған 7 млрд теңге айыппұлдың әлі төленбегенін, енді сотпен өндірілетінін хабарлады.

"Халықпен бірнеше рет кездесу өтті. Іс жүріп жатқаны түсіндірілді. Тергеу амалдарының мерзімі бар. 12 қаңтардан бастап жер инспекциясының арызымен жерге келтірілген залалдарға қатысты сот процесі басталды. Тиісті мекемелер анықтаған мәселелерге қатысты қосымша сараптама жүргізуге тапсырыс берілді. Тексеріс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. 7 млрд теңге айыппұл уақытында төленген жоқ. Сол себепті мәжбүрлеп өндіру сотта қаралады, - дейді Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893611-aktbelikter-soska-fermasyny-aldyna-tagy-da-narazylykka-sykty-foto/