Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Инфаркт, инсульт көп": ШҚО-дағы шалғай ауданда дәрігер елу адамның өмірін құтқарып қалды

Опубликовано:

Фото
Фото: Тимур Өтеғалиевтің жеке мұрағаты

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданына арнайы шақыртумен барған жоғары дәрежелі кардиохирург дәрігер Тимур Өтеғалиев үш айда елуден аса адамның өмірін сақтап қалды. Ол осы аралықта 200-ге жуық коронаграфия әдісін, 100-ге жуық стенттілеу әдісін пайдаланған. Сондай-ақ, жүрек ауруымен аса ауыр жағдайда түскен елуден аса науқастың өмірін құтқарды. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген дәрігер алыс ауданда мұндай оталар жасала бермейтінін айтады.

Тимур Өтеғалиевтің медицинадағы жұмыс өтілі 20 жылдан асып кеткен. Ол осы аралықта Ақтөбедегі медицина академиясын аяқтап, Мәскеуде аспирантура оқиды. Сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында тәжірибеде өтіп, жүрек қан тамырларына ота жасаудың түрлі әдістерін үйренеді. Бүгінде медицина ғылымдарының кандидаты атанған ол ШҚО-дағы алыс ауыл тұрғындарына көмектесіп жүр.

"Аягөз ауданында ангиографиялық аппарат орнатылғанын айтып, жұмысқа шақырғанда, ойланбастан келдім. Себебі, мұндай аппараттар еліміздің аймақтарында жоқ. Тек облыс орталықтарында бар. Ал жүрегі ауырған адам облыс орталығына жетем дегенше қанша уақыт кететінін есептей беріңіз. Жүрегі ұстаған науқастардың жартысынан көбі облыстағы ауруханаға жетпей, көз жұматынының бір себебі осы. Біздегі аудан орталықтарына осындай аппараттар орнатып, білікті кардиохиругтарды жұмысқа шақырса, көп аурудың алдын аламыз", - дейді ол.

Фото
Фото: Тимур Өтеғалиевтің жеке мұрағаты

Бүгінде Тимур Өтеғалиев Аягөз ауданының орталығы мен шалғайдағы ауылдардан келетін науқастарға ота жасауда.

"Мұнда жүрек қан тамырларына түрлі оталар жасап жатырмыз. Стенттілеу әдісін, яғни, төсті кеспей-ақ, ота жасауды қолданысқа енгіздім. Одан бөлек, өте ауыр жағдайда келетін инфаркт, инсульт ауруларына шалдыққандарға жедел ота жасадық. Бүгінде олардың барлығы да аман қалды. Біздің еліміздегі аудандар облыс орталығынан шалғайда жатыр. 400-500 шақырымда артқа тастап келем дегенше, науқас қайтыс болады. Ұшақтар мен тікұшақтар қатынасы қарастырылмаған. Сондықтан, аймақтардағы кардиорталықтардың санын көбейту керек. Білікті жастарға үй беріп, айлығын көбейтіп, аудан орталықтарына жіберу керек. Инфаркт алған адамға екі сағат ішінде ота жасап үлгеру қажет. Ал облысқа телефон шалып, жетем дегенше, қаншама адам өмірмен қош айтысып жатыр. Осыдан-ақ, бәрін бағамдай беріңіз. Ал Аягөздегі орталыққа шалғай ауылдардан бөлек, көрші аудандардан да ауыр жағдайдағы науқастарды алып келіп жатыр. Қолдан келгенше көмектесеміз", - дейді дәрігер.

Фото
Фото: Тимур Өтеғалиевтің жеке мұрағаты

Тимур Өтеғалиев Ақтөбе қаласындағы кардиоорталықты ашуға үлкен күш салған азаматтардың бірі. Алайда, ол өзі ашқан орталыққа өзі кіре алмайтынын да жасырмады.

"Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Маңғыстау аймақтарында қызмет еттім. Өзім туып-өскен Ақтөбе облысындағы кардиоорталықтың негізін салушылардың бірімін. Бірақ бүгінде өзім сол орталыққа кіре алмаймын (күлді). Еліміздің қай жерінде жүрсем де, адамдарға көмектессем болды. Жүрек бар адамда бірдей емес пе?!", - дейді кардиохирург.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893738-infarkt-insult-kp-sko-dagy-salgaj-audanda-driger-elu-adamny-mirin-ktkaryp-kaldy/

pixel