RU

Атырауда қатты желден 2 үйдің шатыры ұшып, қала маңында жарық өшіп қалды

Атырауда қатты жел тұрды
Фото: "Ақ Жайық" басылымы

Бүгін, 14 қаңтарда Атырау қаласында екпіні 18-19 м/с-қа жететін желдің салдарынан тұрғын үй шатырлары ішінара ұшып, қала маңындағы бірқатар ауылда жарық өшіп қалды деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, таңертең Call орталығына Нұрсаяда бес қабатты үй шатырының бір бөлігі ұшып кеткені туралы хабарлама түскен.

Шақырту орнына жеткен соң шатырдың 72 шаршы метр бөлігі ұшқаны анықталған. Сәл кейінірек Азаттық көшесіндегі бес қабатты тұрғын үй шатырының бір бөлігі ұшқан.

ТЖД қызметкерлері алпинистік құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, бүлінген шатырлардың конструкцияларын нығайтып, көлік жолына түскен шатыр сынықтарын жинап алған.

Атырауда қатты жел тұрды
Фото: "Ақ Жайық" басылымы

Екі жағдайда да қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Сонымен қатар Ақжар, Ақсай, Геолог ауылдарында, Жұлдыз, Томарлы, Торговая база ықшам аудандарда жарық сөніп қалған. Қазір ол жерлерде "Атырау Жарық" бригадалары жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысына қарасты Алмалы ауылы маңында қоқыс ішінен жарамдылық мерзімі өтпеген төлқұжаттар мен куәліктер табылғанын хабарлаған едік.

Жайық жағасында пайда болған құрылыс қалдықтарының таудай үйіндісінің арасында көптеген түрлі маңызды құжаттардың да жатқанын алғаш болып елді мекен тұрғындары көріпті.

Олардың ішінде жарамдылық мерзімі 2028 жылға дейінгі құжаттар да болған.

Өз кезегінде "Ақ жайық" редакциясы кодекс нормаларын бұзғандарға қатысты тиісті хат жолдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893815-atyrauda-katty-zelden-2-jdi-satyry-syp-kala-maynda-zaryk-sip-kaldy/