RU

Нұр-Сұлтанда карантинге қатысты жаңа қаулы жарияланды

Тәжвирус карантин
Фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова жаңа қаулыға қол қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бас санитардың қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысына шектеу енгізілді. Оның ішінде мейрамханалар, дәмханалар, барлар мен асханалар бар. Орналасқан жеріне қарамастан, іште 30-дан астам адам болмауы шарт.

Ал бір үстелде ең көбі 4-6 адам отыруы тиіс. Көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр сақталуы керек. 

"Осы қаулыда белгіленген жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін келушілердің тамақтану залында болуына тыйым салынады. Күшейтілген санитарлық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып,  жұмыс кестесі сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін белгіленеді. Авто-экспресстің және тамақты жеткізудің жұмысы штаттық режимде ұйымдастырылсын", - делінген құжатта. 

Бұдан бөлек, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен сауда орталықтары жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеді. Ал демалыс күндері  жабық болады. Бірақ ішінде орналасқан дәріханалар мен супермаркеттерге кіруге болады. 

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына келесі талаптарды сақтауды жалғастыру қажет:

• ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларын, оның ішінде үйде (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), митингілер, шерулер, жиындар және т. б. өткізуге тыйым салу;

• міндетті түрде 2 метрден кем емес әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жеке тәртіппен және 5 адамнан аспайтын топпен тек ашық ауада спорттық жаттығулар өткізуге рұқсат беру;

• бір отбасы мүшелерінен немесе 3 адамнан аспайтын топтардан басқа, табиғатқа экскурсиялық, корпоративтік, топтық шығуларды ұйымдастыруға және қаланың көрікті жерлеріне шолу жасауға тыйым салу;

• қызметі жаңартылмаған объектілерге: бильярд, караоке, боулинг-орталықтарға, батуттар, компьютерлік клубтарға, түнгі клубтарға, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтарына, оның ішінде лотерея ұтыстарына, жабық ғимараттардағы ойын алаңдары мен аттракциондарға, спорттық объектілерде орналасқандарды қоспағанда, оның ішінде  мұзды және роликті сырғанақтарға баруға тыйым салу;

• 65 жастан асқан адамдардың қала және қоғамдық орындар бойынша жүріп-тұруына шектеу;

• қоғамдық орындарға, оның ішінде қалалық қоғамдық көліктерге, қызметіне рұқсат етілген объектілерге барған кезде, сондай-ақ қоғамдық орындарда ашық ауада болған кезде (ашық ауада спортпен шұғылдану кезінде және 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда) бетперде кию, қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі талаптарды қатаң сақтау.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894061-nr-sltanda-karantinge-katysty-zaa-kauly-zarialandy/