Еліміздің тағы бір облысында карантин шаралары күшейтілді
Опубликовано:

"Ақмола облысының аумағында карантиндік шектеу шараларын күшейту туралы" Ақмола облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 16 қаңтардағы қаулысы Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында жария болды.
Қаулыға сәйкес, енді облыста сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынуда.
Одан бөлек, жұмыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін шектеледі. Бұл шектеу ауданы екі мың шаршы метрден асатын барлық сауда үйіне қатысты.
Ал сауда орталығында орналасқан азық-түлік бөлімдері, дәріханалар, химиялық тазалау және сұлулық салондары жұмысын әдеттегідей жалғастыра береді. Олардың жұмысына демалыс күндерінде де шектеу қойылмайды.
Сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлеріндегі фуд-корттардың жұмыс режимін сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектей отырып, олардың тамақты үйге жеткізетін және сыртқа шығаратын қызметіне ғана жұмысын жалғастыруға рұқсат етіледі.
Құжатқа сәйкес, балалардың ойын алаңдары мен аттракциондардың қызметіне тыйым салынады.
Сондай-ақ, отбасылық, мерейтойлық іс-шаралар мен басқа да адам көп шоғырланатын жиындарды өткізуге тыйым салынады. Мұндай тыйым үй ішінде өткізілетін іс-шараларға да қатысты.
Құжаттың толық мәтінімен сілтеме арқылы таныса аласыз.
Еске салсақ, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймаққа енгенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894131-elimizdi-tagy-bir-oblysynda-karantin-saralary-ksejtildi/