Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бес айлық балам шетінеп кетті": Жеті балалы ана күйеуінен көрген қорлығын баяндады

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Алматыдағы "Жан-Сая" дағдарыс орталығына тағдыр тауқыметін арқалаған аналар көп келеді. Әсіресе, күйеуінен қорлық көрген көпбалалы әйелдерді дағдарыс орталығының мамандары құшағына алып, алты ай бойы көмек көрсетеді. Солардың бірі – жеті балалы ана Майгүл (кейіпкердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында есімі өзгертілді – ред.). Есірткіге тәуелді күйеуі Майгүлдің құрсағындағы 20 апталық баланы ұрып өлтірген. Осыдан соң ол күйеуінің жантүршігерлік әрекеттеріне шыдай алмай, дағдарыс орталығына қашып келді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Майгүлдің айтуынша, күйеуі екеуі алғашқы жеті жылда тату-тәтті өмір сүрген. Ал барлық мәселе жолдасы жұмыссыз қалған соң басталады. Екі қолға бір күрек таба алмаған күйеуі алдымен ішімдікке, кейін есірткіге құмартқан. Наркологиялық диспансердегі ем де еш көмектеспей, ол бар ашуын Майгүлден алуды әдетке айналдырды.

"Барлық қиындыққа шыдадым. Жеті балам үшін, отбасымды сақтау үшін тырысып-бақтым. Бірақ аяғым ауыр кезде қол көтергені жанымды қинады. Соққының астына алып, көкбауырымды зақымдағанына да көз жұма қарағанмын. Бірақ сол соққыдан соң ішімдегі 20 апталық шаранам шетінеп кетті. Сол кезде ол ауруханадағы менің көңілімді де сұрамады. Балаларын да керек қылған жоқ. Өмірімнің соншалықты сүреңісіз екенін осы кезде ғана ұқтым. Өзім де, балалар да үнемі үрей құшағында жүрдік", – деп еске алады ол.

Майгүл жеті баламен қайда барарын білмей, талай уақыт бас қатырған. Ол іштегі сәбиінің шетінегінін өте ауыр қабылдап, күйеуінен біржола кету туралы шешім қабылдады. Ол ең алғашқы көмекті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арналған дағдарыс орталығының мамандарынан сұраған.

"Орталыққа келген соң, жаным жай тапқандай болды. Мұнда психолог пен заңгерден көмек алдым. Ал алты айдан соң өзімнің мүлде бөлек адамға айналғанымды сезіндім. Ата-анам қарайласып, жұмысқа тұрдым. Оқуымды да жалғастырып жатырмын. Тағдыр парағымдағы күңгірт күндерді тезірек ұмытқым келеді. Менің ендігі бар қуанышым – балаларым", – дейді Майгүл.

Бүгінде дағдарыс орталығының мамандары Майгүл мен оның балаларынан байланыс әлі үзілмегенін, олардың әрі қарайғы тіршілігі бақылауда екенін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894148-bes-ajlyk-balam-setinep-ketti-zeti-balaly-ana-kjeuinen-krgen-korlygyn-baandady/

pixel