RU

Бір жылдан астам уақыт Атырауда құлдықта болған ару басынан өткен қиындықтарын айтты

Фото
Фото: "Астана қорғау" ҮЕҰ (Фатима - оң жақта)

Атырауда қаласында әйел адам 23 жастағы Өзбекстан азаматшасын бір жылдан астам уақыт құлдықта ұстаған. Ол электрошокерді қолданып, құрбандығын ұрып-соққан. Бұл туралы қыздың анасы Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан елшілігі мен "Астана қорғау" үкіметтік емес ұйымына жүгінген кезде белгілі болды деп жазады Ақ Жайық.

Басылым мәліметінше, Фатима (есімі өзгертілді) 2019 жылы Өзбекстаннан Атырау қаласына жұмыс істеуге келген. Осы жерде өзін құлдықта ұстаған Мадинамен (есімі өзгертілді) танысыпты. Ол уақытша тіркеймін деп төлқұжатын алып, кері қайтармаған. Құжатсыз қалған қызды базарда сатушы боп жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Үйіне қайтар кезде ақшаңды түгел беремін деп, жалақысын да төлемегені белгілі болды.

Екі айдан кейін Мәдина Фатиманы базардан үйіне алып кетіп, үй қызметшісі етіп қойған. Ақшасын тағы да төлемепті.

"Астана қорғау" жеке қоры таратқан ақпаратқа сәйкес, бір жылдан астам жұмыс істеген Фатима 2020 жылдың тамызында қашу туралы шешімге келген. Бірақ Мәдина бұл жөнінде біліп қалып, оны аяусыз соққының астына алып, бірнеше рет электрошокер қолданған. Алайда біраз уақыт өткен соң Фатима тағы да қашуға бел байлаған.

"Қожайыны" үйде жоқ кезде қашып шығып, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Басылым дерегінше, осы уақытта Мадинаның қызы Клара (есімі өзгертілді) "пайда болып", тәртіп сақшыларымен бірге анасының үйіндегі сейфтен Фатиманың паспорты мен жеке заттарын алып: "менің баламның күтушісі бол, алдамаймын, жақсы ақша төлеймін", деп қарсы ұсыныс жасаған. Ол қайтадан келісім беріпті. Бірақ Клараның алдап, жалақысын төлемегені анықталады.

Фатима "жаңа қожайының" баласының телефоны арқылы анасымен хабарласқан. Ол болса Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан елшілігіне жүгінеді.

Фатиманы Атырауға арнайы келген Өзбекстан елшілігі мен "Астана қорғау" қорының қызметкерлері алып кеткен.

"Қазір осы факті бойынша қылмыстық кодекстің 126-бабы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894269-bir-zyldan-astam-uakyt-atyrauda-kldykta-bolgan-aru-basynan-tken-kiyndyktaryn-ajtty/