Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тәрбиелеуге құқы жоқ": Адвокат отбасындағы зорлыққа қарсы заң жобасының қоғамға қауіпті тұсын атады

Опубликовано:

Отбасылық зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: pixabay.com

Мәжіліс мақұлдаған "Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заңының" жобасына заңгерлер қарсы шықты. Солтүстік Қазақстан адвокаттар коллегиясының адвокаты Елена Игнатенко заң жобасынан бірқатар қарама-қайшылық тапқан. Адвокат заң қабылданса оның аясына баласына дұрыс тәрбие беріп отырған отбасылар да ілініп кетуі мүмкін екенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналистер Динара Сәтжан мен Дана Орманбаева ұйымдастырған дөңгелек үстелде аталған заң жобасын жақтаушылар мен оған қарсы пікірдегі азаматтар бас қосты.

Дөңгелек үстелде заң жобасын қолдаған қазақстандық Немолчи kz қорының президенті Дина Таңсәрінің айтуынша, қоғамдағы зорлық-зомбылықтың шектен шыға көбеюі жаңа заң қабылдауға негіз болып отыр.

Адвокат Елена Игнатенко егер бұл жоба осы күйінде қабылданып кетсе, қазақстандық отбасылардың қандай келеңсіз жайтқа тап келетінін айтты.

Заңгер жобадан нақты 36-бапты мысалға алды.

"Ата-анасының бірінің тарапынан кәмелетке толмаған балаға тұрмыстық зорлық жасалғаны туралы негізделген күмән болса, екеуіне де ортақ қамқорлық жасау құқығы қалдырылмайды", - делінген аталған бапта.

Елена Игнатенко заң жобасының бұл редакциясын мәжілістің ресми сайтынан алғанын мәлімдеді.

"Елдің 99 пайызы зорлық-зомбылық дегенді сөзбе-сөз түсінеді. Мысалы зорлық-зомбылықты қарапайым халық ұрып-соғу, зорлау деп қабылдайды. Ақпараттық кеңістік осы тақырыпқа толып кетті. Зорлық-зомбылықпен күресуге кім қарсы? Әрине ешкім қарсы емес. Бірақ дәл осы заң жобасында зорлық-зомбылық сөзінің мағынасы тіпті қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық аясынан тыс жағдайларды қамтиды.

Енді сөзіме дәлел келтіре кетсем. Мысалы, психологиялық зорлық бұл - адамның еркін шектеу. Бала мен ата-ана моделін қарастырайық. Ата-ана баласының қалауын шектейді. Неге? Өйткені ата-ана баласын тәрбиелеуге құқы бар. 27-бапта айтылған. Онда неге ата-ананың тәрбиелеу құқы балаға зорлық деп бағаланады?", - дейді Елена Игнатенко.

Заңгердің сөзінше, ол іске асса, ата-ананың баланы тәрбиелеуге құқы жоқ болып шығады, ал баланың ата-ана таңдауға құқы болады.

Жиында сөз алған тағы бір заңгер, қоғам қайраткері Анатолий Ким де заң жобасына қарсылығын білдірді. Ол заңды қабылдамас бұрын, оның ұлттық құндылықтарға негізделуін қадағалауды сұрады.

"Біз кел келген жағдайда өзімізге үңілуді ұмытпау керекпіз. Қазақ қонақтың алдына қоятын ас табылмаса ұялады. Онда қонаққа өзі әкелгенін береді. Бұл заң жобасы да солай болып тұр. Егер үйіме келген қонақ бүгіннен бастап маған "былай өмір сүресің" десе, масқара ғой. Еліміздің сонда тарихы, мәдениеті жоқ па? Неге батыс елдерінің моделі біздің мемлекетке таңылуы тиіс? Біз бұл әлемде бірінші күн өмір сүріп жатқан жоқпыз , бірінші күн бала тәрбиесімен айналысып жатқан жоқпыз", - деді жиында заңгер Анатолий Ким.

Заң жобасын талқылаған мамандар оның отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын ала алмайтынын, тек жағдайды одан сайын ушықтыратынын тілге тиек етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894270-trbieleuge-kky-zok-advokat-otbasyndagy-zorlykka-karsy-za-zobasyny-kogamga-kauipti-tsyn-atady/