Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде ірі қылмыстық топтарды әшкерелеген жас полицей туралы не білеміз

Опубликовано:

Ақтөбелік тергеуші
Фото: Жеке мұрағат/ NUR.KZ

Ақтөбеде 32 жастағы жас тергеуші Әсет Темірбаев жылдың үздік тергеушісі атанды. Құқық қорғау саласында 10 жылдан аса еңбек өтілі бар полицей KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.

Әсет Темірбаев қалада тіркелген ірі қылмыстық істердің ашылуына түрткі болған. Шетелдік көліктердің нөмірін ұрлап, әлеуметтік желіде сатқан қылмыстық топтың әрекеті де жас тергеушінің қырағылығымен ашылды.

"Ресейлік және армян көліктерінің нөмірін ұрлау дерегіне қатысты 40-тан аса жәбірленуші болды. Қазіргі таңда ол істе айыпты деп танылған төрт адамға қатысты сот үкімі шықты. Қалада ұрлық оқиғалары жиі тіркеледі.

Жұмыс істемейді, кірісі жоқ азаматтар жеңіл пайда табудың жолына түскен. Жазасын өтеп шығып, қайтадан ұрлық жасайды. Қазір интернет арқылы алаяқтық жасайтындар да көп. Сондықтан тұрғындарға аса сақ болуды ескертеміз. Күдікті тарап өздерін банк қызметкері ретінде де таныстырады. Ақша аударар кезде бірнеше мәрте тексерген дұрыс",- дейді ол.

Тергеуші ірі көлемде есірткі сақтау дерегіне қатысты қылмыстық істі де ашқан.

"Өткен жылы 5 келі марихуана сақтаған 30 жастағы Хромтау қаласының тұрғыны ұсталды. Дерек жол полиция қызметкерлерінің құжат тексеру кезінде анықталды. Тыйым салынған заттың жоқтығын сұрағанда, көлікте есірткі барын мойындаған.

Жауап алу кезінде ер адам бұл қылмысқа сал ауруына шалдыққан баласының еміне ақша табу үшін барғанын айтты. Айыпталушының есірткі тасымалымен айналысуы бірінші рет емес. Тергеу кезінде 300 мың теңге үшін тыйым салынған затты сақтағанын айтты. айыпталушы сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айрылды",-дейді ол.

Әсет Дәулетұлы Ақтөбе қаласы Алматы аудандық №4 қалалық полиция бөлімінде еңбек етеді. Ол қызметтік міндетін адал орындап, қылмыстық істерді тергеу кезінде жоғары кәсібилігі мен жедел шеберлігін көрсеткені үшін "2020 жылдың үздік тергеушісі" атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894522-aktbede-kylmystyk-toptardy-skerelegen-zas-policej-zdik-tergeusi-atandy/

pixel