RU

Қытайда балмұздақтан коронавирустың жаңа штаммы анықталғаны рас па

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Telegram арналарында қазақстандықтар Қытайда Тяньцзинь муниципалитетінде балмұздақ партиясынан коронавирустың жаңа штаммы табылғаны туралы жаңалықпен бөлісіп жатыр. Онда жаңа штаммның COVID-21 деп аталатыны көрсетілген. Алайда stopfake.kz басылымы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

Таратылып жатқан хабарламада вирус анықталған балмұздақ азық-түлік дүкенінен сатып алынғаны көрсетілген.

Оның үш данасы ғана тексерілген. Олардан COVID-21 анықталғаннан кейін дәмді тамақсатылған көшедегі барлық азық-түлік дүкендері белгісіз мерзімге жабылды.

"Жалған ақпарат Қытайда балмұздақ партиясынан коронавирус табылғаны туралы шынайы жаңалыққа негізделген болар. Бірақ бұрын белгісіз болған жаңа штамм емес, ол COVID-19 тудыратын Sars-CoV-2", - делінген хабарламада.

Лидс Университетінің вирусологы Стивен Гриффин бұл бір рет орын алған жағдай деп санайды. Бұған вирус жұқтырған адамның балмұздақ өндіретін шикізатпен байланысы себеп болуы мүмкін, дейді маман.

Десерттер партиясы саудадан алынып, оқшауланды. Қазіргі уақытта инфекция жұқтыруы ықтимал жағдайларды анықтау үшін сатып алушыларды іздеуде.

Азық-түлік дүкендерінің жабылуы туралы хабарланған жоқ. Демек, COVID-21 ауруын тудыратын коронавирустың жаңа штаммы туралы хабарламалар фейк болып табылады.

Еске сала кетсек, осыған дейін желі оқырмандары P/500 таңбасы бар парацетамолды ішпеуге кеңес берген болатын. Олардың сөзінше, таблеткаларда өлімге әкелетін Мачупо вирусы бар екен. Алайда бұның 2011 жылдан бері көптеген тілде тарап жүрген фейк ақпарат екендігі анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894542-kytajda-balmzdaktan-koronavirusty-zaa-stammy-anyktalgany-ras-pa/