Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде мұнай ұрлығымен айналысқан бір топ мемлекеттік қызметкерге үкім шықты

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "қара алтын" ұрлап, заңсыз сатумен айналысқан бір топ мемлекеттік қызметкерге үкім шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Құзырлы мекемелерде жұмыс істеген қызметкерлер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, көлеңкелі бизнесті жүргізу үшін лауазымды тұлғаларға пара берген. Бармақ басты, көз қыстымен жалған құжат жасағандар сот үкімімен 7 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айрылды.

Сот Сағандықовтың Ақтөбе облысының аумағында АИ-92 бензинін алу және оны жалған құжаттар негізінде Ресей шекарасына өткізу мақсатында Чучаевтың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері Жарылғасовтың қатысуымен ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын анықтады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сәрсенбаев пен Шарқатов та көлеңкелі бизнесте өз қызметтерін пайдаланған.

Іс материалдарына сүйенсек, қылмыстық оқиға 2019 жылдың маусым-қазан айлары аралығында болды. Сағандыков, Чучаев, Жарылғасов, Сәрсенбаев және Шаркатовтың қатысуымен ұйымдасқан қылмыстық топ аса ірі көлемде мұнай өнімдерін сатумен айналысқан. Олар өз қызметтерін пайдаланып, құжат жасаудағы кедергілерді пара беру арқылы шешкен.

Сотта айыпталушылар Сағандықов, Чучаев, Жарылғасов өз кінәсін ішінара мойындады, ал Сәрсенбаев пен Шаркатов өз кінәсін мойындамады.

Сотталушылардың кінәсі арнайы жедел-іздестіру шараларының нәтижелері мен сараптама қорытындысы және куәгерлердің айғақтары арқылы дәлелденді.

Қолдарына кісен салынған мемлекеттік қызметкерлердің үшеуі жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары абақтыда өтесе, қалған екеуі қауіпсіздігі орташа түзету мекемесіне жіберілді. Атап айтсақ, сот үкімімен Сағандықов Қ.И. 13 жылға, Чучаев Г.М. 7 жылға, Жарылғасов А.Б. 11 жылға бас бостандығынан айырылып және болашақта мемлекеттік қызметте жасауға тыйым салды. Ал Сарсенбаев К.А. мен Шаркатов А.К сот үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Соңғы екеу 10 жылға дейін мемлекеттік қызметте жасай алмайды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894631-aktbede-mnaj-rlygymen-ajnalyskan-bir-top-memlekettik-kyzmetkerge-kim-sykty/

pixel