Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атышулы отбасы заңының жобасын үш ай зерттеген қоғам белсендісі: Заңның қаңқасы да кірмеу керек

Опубликовано:

Бағила Балтабаева
Фото: Бағила Балтабаеваның жеке мұрағатынан

"Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл" заңы қабылданса, одан қазақ қоғамына келер қауіп бар ма? Қоғамды шулатқан заң жобасын Қазақстан ата-аналар одағы заңгерлермен бірге үш ай бойы зерттеп келеді. Заң жобасы мәжілісте алғаш талқыланғаннан бері жағдайды бақылап жүрген одақтың белсендісі Бағила Балтабаева оған қатысты алып-қашпа әңгімелерге өз жауабын берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазақстан ата-аналар одағының өкілі Бағила Балтабаева аталған заң жобасының қазақ қоғамына келтірер зияны орасан деп шырылдап отыр.

"Біздің үш айдан бері қазақ аудиториясына жеткізе алмай жүргеніміз осы. Құдайға шүкір, соңғы бір-екі күнде қазақтілді қоғам мәселемен танысты. Біз, Қазақстан ата-аналар одағы "Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл" атты заң жобасынан түсініксіз баптардың көп екенін байқадық. Жалпы заң жобасы шикі. Мысалы, 5-бап, 11-тармағы; 36-бап, 6-тармағы; 41-баптың тармақтары күмән туғызады. Тізе берсем, көп", - дейді ол.

Атап айтқанда 5-баптың 11 тармағында: "Адамның құқықтары мен бостандығына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге жол бермеу", - делінген дейді белсенді.

Бағила Балтабаева баптың көздегені қандай әдет-ғұрып екені нақтыланбағанын алға тартады.

"Сонда әдет-ғұрып дегеннің ішіне нақты қай салт-дәстүр кіреді? Ол тізімді кім жасайды? Депутаттар ма? Полиция ма? Бұл норманың қалай жұмыс істейтіні түсініксіз. Бұл заңның түп көздегені не? Себебі басқа заң бұзушылық әрекеттер Қылмыстық кодексте көрсетілген.
Бұл отбасының ішкі ісіне қол сұғу ғана емес, қазақтың дәстүріне, болмысына, ежелден келе жатқан мәдениетіне қол сұғу деп білемін. Отбасындағы әйелдің құқығын қорғағымыз келсе, онда Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізейік, жетілдірейік. Сол үшін жаңа заң шығарудың қажеті жоқ", - дейді ол.

Қазақстан ата-аналар одағы өкілінің айтуынша, заң жобасында бұдан өзге көптеген шикіліктер бар. Одақ мүшелері заңгерлермен бірге жобаны толықтай қарастыра келе, оның қабылдануына түбегейлі қарсылығын білдірген.

"Заңның қаңқасы кірсе болды, етін өсіріп алады. Сондықтан бұл заң жобасын мүлде қабылдамауымыз керек", - дейді Бағила Балтабаева.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде резонанс тудырған заң жобасының орыс тіліндегі нұсқасын мәжілістің ресми cайтынан көруге болады.

Ал қазақ тілінде заң жобасының бірінші редакциясы ғана жарияланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894743-atysuly-otbasy-zayny-zobasyn-s-aj-zerttegen-kogam-belsendisi-zany-kakasy-da-kirmeu-kerek/

pixel