Елімізде оқушыларға еркінен тыс вакцина салатыны рас па
Жарияланған күні:
Қазнетте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, баланың вакциналау күні мектепте болуы вакциналауға берілген келісімге тең деген ақпарат тарауда. Кей адамдардың пікірінше, әлемдік қастандыққа қатысушылар осылайша COVID-19-ға қарсы "қауіпті" вакцинамен барынша көп адамды вакциналауға ниетті. Stopfake.kz сайты бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ескертуде.
Шын мәнінде, Қазнетте таралып жатқан мәтінді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2014 жылы жариялаған және оның COVID-19-ға қарсы вакциналауға еш қатысы жоқ.
Сонымен қатар, бұл құжат іс-қимыл нұсқаулығы немесе ережелер жиынтығы болып табылмайды. Желіде тараған жазбада баланың мектепке келуі вакцина салуға келісім бергенмен тең саналытын сөз етілген.
Осы орайда бұл ақпарат та шындыққа жанаспайтынын, вакциналау күні мектепке келу екпені салдыруға берілген келісім ретінде қарастырылмайтынын айта кеткен жөн.
2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске сәйкес, Қазақстанның кез келген азаматы "емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға" құқылы. Бұдан басқа, 16 жастағы және одан асқан балалар профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілуден хабардар түрде бас тартуға құқылы.
Қорыта айтқанда, таратылып жатқан ақпарат жалған және COVID-19-ға қарсы вакциналауға да, Қазақстанға да еш қатысы жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар желіде WhatsApp-тың "жаңа ережелері" туралы жаңалықты жаппай тарата бастаған еді. Онда бұдан былай мессенджердегі барлық жеке хат-хабарлар мен пайдаланушылардың жеке мәліметтеріне үшінші тұлғалар қол жеткізе алатыны, қоңыраулар жазылатыны айтылған. Бұл ақпарат та жалған болып шықты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894806-elimizde-okusylar-erkinen-tys-vakcinalanatyny-ras-pa/