Қостанай облысында қылмыстық топ 46 жастағы әйелдің нұсқауымен мал ұрлаған
Жарияланған күні:
Тобыл өңірінде мал ұрлығы тиылмай тұр. Ұрылар өрістегі жылқыны, қорадағы сиырды қояр емес. Жуырда барымташылардың қылмыстық тобы қолға түскен. Олар 46 жастағы әйелдің нұсқауымен мал ұрлаған деп хабарлайды Астана арнасы.
Телеарнаның мәліметінше, әзірге әккі ұрылардың Әулиекөл ауданына қарасты ауыл тұрғындары мен жеке шаруашылықтың малын барымтаға салғаны әшкере болып отыр.
Топ бір жыл ішінде бірнеше рет мал ұрлаған көрінеді. Күдіктілер күндіз көлікпен барлау жасап, кешқұрым түлікті ауыл сыртына шығарып сойған. Олар соңғы жорықта 8 жылқы мен 4 ірі қараны олжалаған.
Шаруа қожалығының басқарушысы Төленді Ердесіновтің айтуынша, өткен жылдың 23-ші желтоқсанында барымташылар екі жылқысын ұрлап кеткен. Ер адам бірден полицияға хабар берген.
Ұсталған ұрылардан шаруаның екі биесі табылған. Оған қоса жазда жоғалып кеткен құлыны да қайтарылған.
Күдіктінің төртеуі Әулиекөл ауданының тұрғыны, ал қылмыстық топты басқарған әйел Новонежин ауылынан екені анықталған.
Қостанай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Кенже Қонысабайдың ақпарынша, қазір аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1 бабының 3 бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүріп жатыр.
"Тергеу амалдары барысында күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар жоқтығы анықталады. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденген жағдайда олар 5 немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін", - дейді ол.
З. Санай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895034-kostanaj-oblysynda-kylmystyk-top-46-zastagy-jeldi-nskauymen-mal-rlagan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.