Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекеттік қызмет атқарудың маңыздылығы неде

Опубликовано:

Сәрсен Жандос Шералыұлы
Фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

Мемлекеттік қызмет атқарудың маңыздылығын, жауапкершілігін, оларға арналған белгілі бір заң жүзіндегі шектеулердің мәнін қоғам мүшелерінің барлығы терең түсіне бермеуі мүмкін.

Жалпы, егемен елімізге қызмет етемін деген әрбір азамат/азаматша, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, «Мен бұл жерден не аламын» деп емес, «Мен мемлекет болашағы үшін не істей аламын, қоғамға не бере аламын» деп, он рет ойланып, жүз рет толғанғаны ғанибет болар еді.

Себебі, мемлекеттік қызметке орналасу, ең алдымен, жүрек қалауы, одан соң сана-сезімінің ұштасуының көрінісі болуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық.

Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» деп атап өтті.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет өз кезегінде азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет ету, халықпен қарым-қатынаста ашықтық пен әділдікті ту етуге, «бір терезе» қағидатын ұстануға бағытталуы тиіс. Өйткені, кейбір көңілге қонымсыз мәселелер көбінесе азаматтар мен биліктегілердің арасында кері байланыстың болмауынан туындайды.

Күнделікті мемлекеттік қызметтерді алу барысында болсын, өтінішпен жүгінген жағдайда да болсын, сауатты, сапалы өзі жүгінген тілінде ақпарат алу кез келген азаматтың құқығы. Ал сол азаматтың түйткілді мәселесінің шешілуіне жәрдемдесу сіз бен біздің міндетіміз.

Сол себепті бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары ашықтық, нәтижелілік, парасаттылық болуы тиіс. Бұл жайт қоғамда белең алған, қазіргі уақытта мемлекетіміз барынша қатаң күресіп отырған жемқорлық атты кеселдің алдын алуда маңызды әрі шешуші рөл атқарады.

Бүгінгі таңда адалдық сөзінің мән-мағынасын пара алмау, бермеумен тар ауқымда ғана шектеп қалғандаймыз. Түптеп келгенде, ең бірінші, адалдық – ол сенің өз отбасыңа, достарыңа және қызметіңе деген адалдығың. Өзіңнің кішігірім отаныңда ұл-қызыңның тәрбиесіне жете көңіл бөліп, оларға парасаттылық пен әділдіктің үлгісін көрсете білу, өзіңнің жақсы іс-әрекетіңмен көріну.

  • «Еңбегімен, жүрсін ұлың баға алып,
  • Ақыл оймен өзгелерден дараланып.
  • Көтерілсе өзіңдейді бағалайды,

Отырмайды: пара беріп, пара алып», деп жас ақын Бек Жылқыбаев жырлағандай, өзінің аядай ұясында тазалықты көріп өскен ұл мен қыз, келешекте біреудің ала жібін аттамасы хақ.

Кей жағдайда мемлекет мүлкін талан-таражға салып, бюджеттен қаржы жымқырып, мекеме қаржысын үптеп кетіп, бас пайдасына жаратып, тағы басқа да заңсыз іс-әрекеттерге барған мемлекеттік қызметшілердің, кейбір жоғары лауазым иелерінің кесірінен жұмысын беріле істеп, маңдай терін төге қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің беделіне нұқсан келетіні жалған емес. Жұртшылық кейбір кездері қызметіміздің жақсы жағынан гөрі теріс жағын алға тартатындығы өкінішті жағдай.

Халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Әдеп Кодексін басшылыққа алып, мемлекеттік қызметшінің беделін, мәртебесін түсірмеуді үнемі назардан тыс қалдырмайтын қызметшінің қашанда абыройы асқақ болмақ.

Өзінің лауазымдық жауапкершілігін түсініп, қызметін жеке басының қамы үшін пайдаланбай, мемлекет ісіне адал болу әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы болса керек. Жұмыс уақытынан тыс, бос уақытында да мемлекеттік қызметшінің ережесін бұлжытпай орындау бізді, мемлекеттік қызметшілерді абырой биігіне жетелейтіні анық.

Еліміздің тәуелсіздігінің нығая түскеніне, дамыған мемлекеттермен тереземіз теңескелі де 30 жылға жуық уақыт өтті. Алайда, мемлекеттік тілдің мәртебесі ақсап тұрғаны баршамызға аян.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деп қазақ тілінің мәртебесін тағы да бір айқындап берді.

Кезінде Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллин қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік органдарда іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі үшін нақты шараларды қабылдауға белсене атсалысқаны тарихтан белгілі.

Бұған дәлел ретінде 1923 жылы «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» атты мақаласын айтсақ жеткілікті. Ұлт зиялысының сол кездің өзінде заманның қатаңдығына, кеңестік саясаттың қылышынан қан тамып тұрған қаһарына қарамастан, басын қатерге тігіп, қазақ тілі туралы мәселелерді тайсалмай айта білгеніне қайран қаласың.

Бүгінгі таңда өз қолымыз өзімізге жетіп, заң жүзінде де мәртебесі айқындалған уақытта мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді іс-қағаздарында болсын, ресми жиындарда болсын, күнделікті өзара қарым-қатынаста болсын, барынша тиімді қолдану әрбір мемлекеттік қызметшінің парызына айналуы тиіс.

Құжат айналымын бірыңғай мемлекеттік тілге көшіріп, алқалы басқосулар мен түрлі деңгейдегі жиын-кеңестердің тек алғы сөзін ғана қазақ тілінде емес, толығымен мемлекеттік тілде өткізу басшылардың басты назарында болуы тиіс деп санаймын.

Осы орайда айтарым, мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттік саясатты қалтқысыз жүзеге асыратын, мемлекет және халық тарапынан сенім білдірілген, заңмен үлкен жауапкершілік артылған тұлғалар.

Сондықтан да әрбір мемлекеттік қызметші мінсіз қызметімен, жұмысындағы жақсы көрсеткіштерімен көрінуі тиіс. Өйткені, мемлекеттік қызметші жай қызметкер емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, оның басты ұстанымы – өз қамы емес, елдің қамы, мемлекет мүддесі, өзі қызмет атқаратын мекемесінің абыройы болуы қажет. Мемлекеттік қызметтің мәртебелі міндет екенін әр мемлекеттік қызметші біліп қойғаны абзал.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Сәрсен Жандос Шералыұлы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895078-memlekettik-kyzmet-atkarudy-mayzdylygy-nede/

pixel