RU

Сарыағашта тұрмыстағы әйелмен көңіл қосқан жігіттің өліміне қатысты сот басталды

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысында 27 жастағы жігіттің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған бұл қайғылы оқиға, былтыр мамыр айында орын алған деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Еске сала кетсек, осыған дейін Сарыағашта тұрмыстағы келіншекпен көңіл қосқан жігіттің өлім құшқанын жазғанбыз.

Теларна мәліметінше, қылмысқа қатысы бар деген күдікке екі адам ілініп отыр. Біреуі марқұммен байланыста болған келіншектің күйеуі, екіншісі - қыздың туған інісі.

Оларға, жас жігітті өлімші етіп сабады деген айып тағылған. Марқұмның артында төрт баласы қалды.

"Өзінің қылмыстық іс-әрекеттерімен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жәбірленуші Ә. Баймұрзаевқа ауыр дене жарақатын келтіру нәтижесінде абайсызда оның өліміне алып келіп соқтырып қылмысты қасақана жасағандары үшін айыпталып отыр", - деді мемлекеттік айыптаушы Ермек Әбдіғаниев.

Өткен жылдың мамыр айында марқұм 4 күн ес-түссіз жатып, ауруханада көз жұмған. Оның ағасы Болат Баймұрзаев інісінің көз алдында таяқ жегенін айтып отыр.

Ер адам сол күні бауырымен сөйлескен екен. Марқұм, байланысты доғаратынын айтып уәде беріпті. Алайда, ол нақсүйерімен бәрібір кездескен. Айтуынша, кездесуге оны қыздың өзі шақырыпты.

Болат Баймұрзаевтың сөзінше, інісін алты адам жабылып сабаған көрінеді. Алайда, айып екі адамға ғана тағылған. Жәбірленуші тарап қыздың әкесін де жауапқа тартуды талап етіп отыр.

"Дұрыс тергелмеді. Көп жерлері мысалы үшін сараптама дұрыс жүргізілмеген. Бізде суреттері бар, "моргтан" барып мәйітін түсірген уақытта денесіне пышақтың тығылған іздері бір емес, бірнеше ізі. Әртүрлі, тек қана бастан емес, денесінің басқа жерлерінен де ұрылған", - деді жәбірленушінің заңды өкілі Құрманғазы Мүсір.

Айта кетейік, бұл сот отырысы негізі қазан айында өтуі керек болатын. Алайда, судья істі тергеуге қайта жіберіп, іс қаңтарға қалды. Келесі сот процесінде куәлар тыңдалмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895122-saryagasta-trmystagy-jelmen-kil-koskan-zigitti-limine-katysty-sot-bastaldy/