RU

"Ішпеңіздер": Қазақстанда пойыздағы суға зиянды зат қосатыны рас па

Пойыз
Фото: Stopfake.kz

Әлеуметтік желіде жолаушылар вагондарында орнатылған диспансердегі су қауіпті болуы мүмкін деген хабарлама тарады. Жазба авторы әлдекімдер суға зиянды зат қосады деп есептейді.

Желі қолданушысының сөзінше, бұл жайында оның сіңлісіне жолсеріктің өзі айтқан.

"Бүгін сіңлімді Алматы-Павлодар пойызына салып жібердім. Жолсерік оған кулерден су ішпеуді ұсыныпты. Себебі, оларды суға белгісіз зат қосуға мәжбүрлейді екен. Сөзім жоқ. Бұл кімнің ісі", - дейді ол.

Stopfake.kz сайтының жазуынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. "ҚТЖ" АҚ әкімшілігі ауыз суға қандай да бір қоспалардың салынатыны туралы хабарламаны жоққа шығарған.

"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, өйткені кулерлерге құйылатын судың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын барлық қажетті құжаттар бар", – делінген "ҚТЖ" АҚ жауабында.

Сондай-ақ компания өкілдері бұл фактіге қатысты қосымша ақпарат жинауға кіріскендерін мәлім еткен.

Жақын арада тексеріс болып, оның қорытындысы туралы су сапасына шағымданған қазақстандыққа хабарланбақ.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Маңғыстау облысының тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцина қабылдап, екпеден соң қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті аталған деректі жоққа шығарды.

Ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын еске салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895185-ispeizder-kazakstanda-pojyzdagy-suga-ziandy-zat-kosatyny-ras-pa/