RU

"Бандит емес": Әйгілі "Рыжий Алмаздың" әкесі ұлы жайлы бар шындықты айтты

Рыжий Алмаз
Видеодан кадр: mzk1.ru, Youtube/ "Азаматтық пікір" бағдарламасы

Белгілі тарихшы, экономист Болатбек Нәсенов ел арасында "Рыжий Алмаз" атымен танылған ұлы Несіпбай Нәсенов жайлы көпшілік біле бермейтін жайттарды баяндады. Ол қылмыс әлемінің серкесі туралы "Азаматтық пікір" бағдарламасында сөз етті.

"Несіпбайдың туған жері - Қазақстан, Семей. 1961 жылы 24 наурызда Семейде дүниеге келді. Мен ол уақытта бірге тұрдым. Қырқынан шыққан соң бір жағдаймен Павлодарға кетіп қалдым. Әйелім баланы алып, Фрунзеге кетті", - деп бастады ол әңгімесін.

Болатбек Нәсенов Несіпбайдың анасымен 2-3 айдан соң айырылысып кеткен.

"Ұлымды сондай қатты жақсы көрдім, күнде барып тұратынмын. Анасы милиция шақыратын. Бір күні қалалық милиция басқармасының бастығы шақырып, әйелімнің туыстары лауазымды адамдар екенін, олар соттатып жіберуі де мүмкін екенін айтты. Жүрегім қатты сыздады, бірақ сирете бастадым. Демалыста, айына бір рет барамын. 2-3 жылдан кейін тоқтатуға тура келді. 4 жылдан кейін үйлендім",- деп ағынан жарылды Болатбек Нәсенов.

Айтуынша, екінші рет үйленген соң ол Несіпбаймен де, оның анасымен де байланысын үзген. Кейін ұлы істі болған соң анасы амалсыз көмек сұраған.

"Несіпбайды Красноярскіде бес жылға соттап жібергенін, ол туберкулезбен ауыратынын айтты. Мен Мәскеудегі таныстарымнан көмек сұрадым. Олар Несіпбаймен танысып, оның ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екенін айтты. "Черный" деген топқа кіріп кетіп, төбелеске қатысыпты.

Бір күні маған Несіпбайдан хат келді. 7-8 беттік хатын дәл журналист, жазушы сияқты жазған. Қиялдары да керемет. "Әке, сіздің тірі екеніңізді білмедім, тауып алар ем" депті. Анасы әкең өмірден өткен деген екен. Өгей әкесінен де біраз қорлық көріпті. Далада түнеген көрінеді. Маған келгісі келетінін айтты. Мен әйеліммен, бала-шағаммен ақылдаса отырып, оны шақырдым",- деді "Рыжий Алмаздың" әкесі.

Осылайша, Несіпбай әкесінің қолына көшіп келеді. Болатбек Нәсенов ұлын сегіз ай емдетіп, артынша жұмысқа орналастырады.

"Ол жақсы жұмыс істеді. Басшылары жақсы көрді. Маған "мұндай балаң бар екенін неге айтпадың, керемет жаңалық ашып жатыр" дегендер де болды. Ешқандай тентектік жолға түскен жоқ. Тұңғыш кооператив құрды. Қылмыс жасаған жоқ. Бандит емес. Несіпбайдың қайтыс болғанына 22 жыл болды, аты өлген жоқ. Қылмыскер болса, халық неге жақсы көреді? Менің баламды "халық қамқоршысы" дейді", - деді Нәсенов.

Болатбек Нәсенов ұлының тірі кезінде қылмыс әлемінің серкесі екенін білмеген. Алайда, өзін танып, құрметтеушілер көп болған.

"Бір рет Ақтөбе облысында тәртіп сақшылары тоқтатты. Ақша дәметті. Кітабымды көрсетіп едім, "Рыжий Алмаздың" әкесі ғой деп жіберді. Мұндай жағдай Шымкентте де, Жамбылда да болды. Сонда ғана біліп, таң қалдым",- деді ол.

Нәсеновтің айтуынша, "Рыжий Алмаздың" денесі Қазақстанға жеткенде үйіне 5 мыңға жуық адам келген. Жерленген соң бейітін бір ай бойы күзеткен.

"Екі қызы, бір ұлы бар. Екі қызымен араласамыз, ұлымен араласпаймыз. Ұлының анасы Несіпбайдың әлі де жауы көп деп тегін бермеді. Несіпбайдың анасы- қазақтың қызы. Арғын, Қаракесек, оның ішінде Байбөрі, Есбалақтан тараған. Кейінірек Қырғызстанға кетіп қалған", - деді ол.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1895355-bandit-emes-jgili-ryzij-almazdy-kesi-ly-zajly-bar-syndykty-ajtty/