Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысының екі әкімі мен "Дикий Арманға" өлең жазған ақын депутат болды

Опубликовано:

Жұлдыз Қожабекова
Фото: Facebook/ Жұлдыз Қожабекова

Ақтөбелік ақын Жұлдыз Қожабекова облыстық мәслихат депутаттарының қатарына қосылды. Бердібек Сапарбаевқа арнау айтып, Оңдасын Оразалин мен "Дикий Арманға" өлең жазған ақын депутат болуды армандады ма? Саяси додада бағы жанған ақын депутат ретінде қандай мәселелерді көтермек? Бұл жөнінде ол KAZ.NUR.KZ-ке берген сұхбатында айтты.

- Танымал ақын, ЖОО-да оқытушысыз. Депутат болу өз таңдауыңыз ба?

- Мен жоғары оқу орнына сабақ бергеніммен, бұрыннан "Nur Otan" партиясында бармын. Партиядағы "Мирас" аймақтық-қоғамдық кеңесінің мүшесімен. Онда мәдени-идеологиялық мәселелер қаралады. Праймериз өтетінін естідім. Мен өзім қатысқым келді. Кейін партия мені ұсынды. Дауыс беру әділ түрде өтті деп ойламын.

- Сіз жолдайтын депутаттық сауалдар мен назарға алатын басты мәселе қандай болады?

- Бағдарламада "жолсыздан жол шығарамын, сусыздан су шығарамын" деп уәде бермедім. Менің бағдарламам 2021-2025 жылдарға арналған бюджетте қарастырылған, нақты аймақтық жоспарға сәйкес жасалған. Мәдени, әлеуметтік мәселелерді көтеруге толық құқым бар. Мәдениет қызметкерлерінің мәртебесіне назар аударатын боламын. Бізде ұлттық идеология мәселесі шет қалып қойды. Ұлт идеялогиясы жалаң сөз, жалаң ұранмен шектеледі.

Дәстүрлі өнер, ат спорты, ұлттық ойындар арқылы тәрбиелеу, дәстүрлі өнер, айтысты дамыту мәселесін көтергім келеді. Әлеуметтік мәселеде ең алаңдататын сұрақ – баспана. Ақтөбеде 24 мың адам баспана кезегінде тұр. Мен өзім де 34 шаршы метр жерде тұрып жатырмын. Өте тар. Сондықтан осы мәселені көтеремін. "Мемлекеттен көмек берілу керек" дегенді жүз пайыз қолдаймын.

Бірақ әрдайым мемлекетке қол жайып отыруды қолдамаймын. Себебі оны көріп өскен, балаларды қоғамға сондай адам ретінде дайындаймыз. Отбасында көрген тәрбие балаға қатты әсер етеді. Сондықтан тұрмысы қиын отбасыларды материалдық ғана емес, моральдық тұрғыдан өмірге дайындауды қолдаймын. Белгілі бір кәсіпке үйрету, осы жағынан көмек беруіміз керек.

- Өзіңізді депутатқа лайық санайсыз ба?

- Бұрын айтыскерлерді "дала депутаттары" деп атаған. Қой үстіне бозторғой жұмыртқалаған қоғамда да айтыскерлер халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, жақсылықтың жаршысы болды. Айтыстың ақпараттық-насихатшылдық рөлі үлкен. Депутаттар құрамы 30 пайыз нәзік жанды, 35 жасқа дейінгі жастардан 20 пайыз болуы дегенге келгенде өзімді лайықты санаймын.

- Бердібек Машбекұлына өлең шығардыңыз. Сапарбаев сіздің өзіне арнаған шығармаларыңызды қалай бағалады?

- Ол кісінің алдында 4-5 рет өнер көрсетіппін. Көп адам "Сапарбаевтың сіздің өміріңізде материалдық жағынан көмегі болды ма?" деген сұрақты жиі қояды. Осы жерде айтып өтейін, ашық болсын. "Бердібек аға, кітабымды шығарып берші немесе маған бір көмек керек еді" деп барып көрмеппін. Ол кісінің тікілей тарапынан маған көмек болмады. Мүмкін жұрттар өлең шығарғанда бір ниетпен шығарады деп ойлайтын шығар. Туынды шабытымның, ол кісіге ризашылығымның жемісі. "Біреуден бірдеңе алу үшін, көрініп қалу үшін" деген саясат жоқ.

- Ақтөбенің қазіргі әкімі Оразалинге де өлең шығардыңыз...

- Оразалин мырзаға туған күнімен құттықтап шығардым. Машбекұлы болсын, Сейілұлынан да "Өлең шығарыпсың, жарайсың" деген кері реакция болған жоқ. Бірақ шын жүректен шыққан туынды қабылданады деп ойлаймын. Қоғамнан жақсы баға алды. Қазақтың өлеңінде ода деген бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ғылыми түрде дәлелденген. "Сарай ақыны болып кеттің бе?" деп жататындар бар.

Қарым-қатынас жасаған кезде олардың қарапайымдылығын, халықпен араласқанын, айтыскер ақынды қалай сыйлайтынын, өнерге құрметін көрген сәттегі шабыттың жемісі деп қарауға болады. Тілеулестікті білдіреді. Кез келген жерге барсам, менен өлең күтеді. Ақынға қара сөзден өлең оңай. Мен Оразалиннің жеке қабылдауында болдым. Ол кісінің сөйлеген сөздері, қазақ тілінде таза, көркем, шеберлікпен сөйлейтіні, тарихи мысалдар келтіретіні, ақындарға мұндай нәрселер әсер етеді. Осындай сәттен туындаған тілеулестік.

- Сіз "Дикий Арманға" да өлең жаздыңыз, жауап болды ма?

"Иә, "Дикий Арманға" жаздым. Бұл өлең арқылы ол кісіге үлкен жауапкершілік артып қойдым-ау деймін. Айнұр Тұрсынбаева онымен жақсы араласады. Айнұр WhatsApp-та "уау, қандай шедевр" деп жазды. Өнерде жүрген ағаларымыз, кей азаматтардың өзі "серпіліп қалдым" деп жекеме жазды. Халықтың бағасы жақсы болды. Арман жауап берсін деп жазбадым. Біреудің фанаты емеспін", - дейді ақын депутат.

Айта кетейік, Жұлдыз Қожабекова – облыстық мәслихат депутаты, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің оқытушысы, Қ. Жұбанов университетінде докторантураның 3 курсында оқиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895436-aktbeni-eki-kimin-men-dikij-armanga-le-zazgan-akyn-deputat-boldy/

pixel