RU

Денесін бөлшектеген: Атырау облысында мұғалім өз туысын өлтірді деген күдікке ілінді

Мәйіт
Көрнекі фото: ekaraganda.kz

Әлеуметтік желіде жазда Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылында өз туысын өлтіріп, денесін ауладағы сарайда сақтаған мұғалім келіншек туралы ақпарат тарады.

"Ақ Жайық" басылымының дерегінше, желіде аула мен үйден, келіншектің өзінен шыққан жағымсыз иіс көршілердің күдігін тудыра бастағаны да айтылады. Оқиға орнына келген полицейлер оны ұстаған. Ол уақытта әйел мәйітті бөлшектеп, үлкен сөмкеге тығып үлгерген.

Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қысқа жауап қайырды.

"Махамбет ауданы Таңдай ауылында 82 жастағы ер адамның денесі табылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр",- деді ПД баспасөз қызметі.

Полиция әлеуметтік желідегі ақпаратқа қатысты пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбеде ұры өзгенің үйіне кіріп, екі мүгедек зейнеткерді көсеумен ұрып, тонап кеткенін жазған едік.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 17 қаңтарға қараған түні белгісіз ер адам өзгенің үйіне терезеден кіріп, 2-топтағы 72 жастағы мүгедек зейнеткер мен оның әйелі, 1-топтағы мүгедекті көсеумен ұрып, дене жарақатын салған.

Содан кейін ол қарттардың 20 000 теңге көлеміндегі соңғы ақшасын алып, оқиға орнынан ізін суытқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында 45 жастағы күдікті анықталып, ұсталған. Ол ұрланған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша қылмыстық кодекстің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895503-denesin-blsektegen-atyrau-oblysynda-mgalim-z-tuysyn-ltirdi-degen-kdikke-ilindi/