Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалақымыз зейнеткерден төмен": Ақтөбеде мұнайшылар наразылыққа шықты

Опубликовано:

Мұнайшылар жалақысын көтеруді талап етті
Видеодан кадр: NUR.KZ

Ақтөбеде мұнайшылар наразылыққа шықты. "СНПС-Ақтөбемұнай газ" компаниясына қарасты "КМК Мұнай" мекемесінің жүзге жуық жұмысшысы президенттен көмек сұрап, видеоүндеу жолдады. Мұнайшылар жалақыны 100 пайызға өсіруді сұрап, жұмысты тоқтатқандарын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылы іргесінде орналасқан "КМК Мұнай" мекемесінің алдына бүгін жүзге тарта жұмысшы жиналды.

Басты талаптары - жұмысшыға жағдай жасау, жалақы көтеру. Мұнайшылар президенттен мұнай өндірумен айналысатын ірі компанияға тексеріс жүргізуді талап етті.

"Қазақстан Республикасының президенті, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз Ақтөбе облысы Темір ауданында орналасқан "КМК Мұнай" компаниясының қатардағы қарапайым жұмысшыларымыз. Біз сізге бұл видеоүндеуді жолдау себебіміз – адал еңбекақымызды 100 пайызға өсіріп беруіңізді сұраймыз.

12 қаңтарда "КМК Мұнай" басшыларына, облыс басшыларына жалақымызды көтеру жайлы хат жолдадық. Біздің талабымызды орындағылары келмей отыр. Себеп жоғын алға тартады.

Себеп бар. Біздің компания Ақтөбе облысындағы ең озық, беделді компаниялардың бірі. Мұнай өндіруден жыл сайынғы жоспарды асыра орындап келеміз. Ал жұмысшылардың жалақысы басқа мұнай компанияларымен салыстырғанда өте аз. Пандемия уақытында азық-түлік, коммуналдық қызметтер бірнеше есе қымбаттап кетті. Айлығымыз несиемізді жабуға немесе азық-түлік алудан артылмай отыр.

Өзіңіз білесіз, Ақтөбе облысының мұнайшылары ең төменгі жалақы алады. Біздің жалақымыз мұғалімдер, дәрігерлер мен зейнеркерлерден де төмен. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймыз, біздің компанияға тексеріс жіберуіңізді талап етеміз", - деген мұнайшылар 25 қаңтардан бастап жұмысқа шықпайтындарын айтқан.

Облыс әкімдігі "КМК Мұнай" жұмысшыларының ұжымдық үндеуіне қатысты комиссия құрылғанын хабарлайды.

"Ақтөбе облысының әкімі​ Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары С.Ш.Бақбергеновтің төрағалығымен комиссия құрылды. Комиссия құрамында еңбек инспекциясы, индустриялық-инновациялық​ ​ даму​ басқармаларының​ басшылары, Темір ауданы (кен орны Темір ауданында орналасқан - ред.) әкімдігінің өкілдері мен аудан прокурорлары​ бар.

Қазіргі таңда "КМК Мұнай" АҚ жұмысшыларымен ұжымдық арызда көрсетілген талаптарды түсіндіру бойынша кездесу өтуде. Кездесудің нәтижесі қосымша хабарланатын болады", - деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895532-zalakymyz-zejnetkerden-tmen-aktbede-mnajsylar-narazylykka-sykty/

pixel