RU

Алматы облысында аудан әкімі парамен ұсталды деген сыбыстан кейін жұмысқа шықпады

Ерекешов
Фото: muftyat.kz

Жақында Казнетте Алматы облысы Талғар ауданының әкімі мен оның қарамағындағылардың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Осыдан кейін шенеунік жұмыс орнына келген жоқ деп хабарлайды "Еуразия" Бірінші арнасы".

Желі қолданушылары әкім Серікжан Ерекешевті полиция қызметкерлері ұстады деген жазба таратты. Жазбада оны және ТКШ бөлімінің бастығы мен орынбасарын 10 миллион теңге пара алды деп айыптап жатқаны сөз етілген.

Әзірге құзырлы мекеме сыбыстарға қатысты түсініктеме берген жоқ. Әкімнің өзі және қарамағындағылар жұмыс орнында жоқтығы ғана белгілі.

"Бүгінде аудан әкімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы мен орынбасары жұмыста жоқ. Қандай себептермен жұмысқа келмегендерін біз білмейміз, бізде әзірге ешқандай ақпарат жоқ", - дейді Талғар ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркін Тоғызақов.

Серікжан Ерекешев өткен жылдың тамызында Талғар ауданының алдыңғы басшысы қайтыс болғаннан кейін ауданның әкімі болды. Телеарна хабарлағандай, тұрғындар әкімнің үстінен бірнеше рет шағымданған.

Сонымен қатар, online.zakon.kz сайтының хабарлауынша, Ерекешев енді аудан әкімі емес, оның өкілеттігінің тоқтатылған күні 2021 жылы 22 қаңтары деп көрсетілген.

Нәтижесінде аудан тұрғындары мәжілісмен Ирина Смирновадан көмек сұраған. Тұрғындар оған сумен жабдықтау және электр желілерінің нашарлауы сияқты проблемалардан өзге, газ магистраліне қосылу кезінде болған ақша бопсалау туралы айтып берді.

"Жоғары қысымды құбыр өтетіндіктен, ауылдарды газға қосуға болады, бірақ әлдебіреулер оларға келіп, тек қосылуға арналған құжаттардың құны 480 мың теңгені құрайтынын айтқан. Ал тұрғындар үйді жылыту керек, пеш сатып алу керек, мұның бәрі 1 миллион теңгеге шығатындықтан, олар қосыла алмайды", - деді депутат.

Ирина Смирнова аудан әкімі ұсталған-ұсталмағанына қарамастан, ауыл тұрғындарының мәселелерін шешуге ниетті екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895595-almaty-oblysyny-kimi-paramen-staldy-degen-sybystan-kejin-zmyska-sykpady/