Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құр әурешілік": Дінтанушы қазақша атын арабшаға ауыстыратындарды қатаң сынға алды

Опубликовано:

Фото
Фото: kerek-info.kz/Facebook

Бүгінде ел тұрғындарының арасында қазақша есімін ауыстырып, арабша ат қоятындар саны артты. Олардың қатарында танымал өнер жұлдыздары да бар. Мәселен, жақында дін жолына бет бұрған әнші Мөлдір Әуелбекова азан шақырып қойған атын Айша деп өзгерткен болатын. Бұл қоғам арасында қызу пікірталас тудырып, әншіні жақтағандар да, даттағандар да табылды. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ белгілі дінтанушы Нұрлан қажы Байжігітұлымен сұхбаттасып, қазақша есімді арабшаға ауыстырудың қаншалықты дұрыс екенін сұрады.

"Балаға ат қою өмірде бір-ақ рет болатын ұлы рәсім әрі сүннет амалдардың бірі. Қазақ халқы бұл рәсімге аса құрметпен әрі сақтықпен қараған. Он ойланып, мың толғанып, бір ұйықтап, бір түс көріп, тіпті, аянмен балаға ат берген. Ат қоюда халқымыздың даналығы бірінші орында тұратынын ұмытпауымыз керек. Бүгінде азан шақырылған есімді ауыстыру сәнге айналды.

Жалпы, есім өзгертуді адам өміріндегі бұрылыс деп санауға болады. Яғни, тағдырды басқа арнаға бұру. Уақытында дұрыс есім берілмесе немесе ұялу ыңғайсыздығы туындаса, есімін өзгерткені дұрыс. Мәселен, мұсылман балаға өз дәуірінде қандай да бір халыққа зұлымдығы өткен дінсіздің есімі білместікпен берілсе ғана есімді өзгерту міндет болып табылады.

Ал қазіргі қазақи есімдерді өзгерту, оны арабшаға ауыстыру не болмаса арабша тіркемелерді есімнің алды-артына тіркеу, болмаса шетел тіліне ыңғайлау құр бос әурешілік", - дейді дінтанушы.

Нұрлан қажы қазақша есімдерді жөн-жосықсыз арабшаға ауыстырдың қажеті жоқтығын айтады. Егер ұлы ғұламалардың өмірінен бейхабар болып, олардың еңбектерін оқымаса немесе солар секілді дұрыс жолды ұстанбаса, олардың атын алу еліктеушіліктен әріге аспайтынын имам баса айтты.

"Ғасырлар бұрын қазақи дәстүрдегі аталарымыз балаға есім беруде екі нәрсеге тірелген.

Мәселен, қай руға тиесілі екендігін білдіретін, яғни, Жалайыр болса, Жалайыри немесе Наймани, Қыпшақи деген тіркемелерді қосқан. Екіншісі - туған жеріне қарай Түркістанды мекендесе Түркістани, әл-Фараби дегенді тіркеген. Бүгінде дәл осы "әл" мен "и" дегенді тіркеу жөнсіз. Себебі, бұл үлкен еңбек сіңірген, тарихқа есімдері ойылып жазылған әрі иман мен исламның туын көкке көтерген, өздері батыл, сүйектері асыл, сөздері ақыл, есіміне лайықты ғұмыр кешкен, атына заты сай, хат қалдырған аталарымыздың үрдісі.

Ал бүгінгі қазақи әдемі есімін қанағат тұтпаған еліктеушілер осы үрдісті жалғастыруға ең болмаса рухани дайын ба? Еліктемесін демеймін, еліктесін. Алайда, ислами тұрғыда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың көзін көрген, яғни, жанында бір күнін өткерген рухы мықты сахабаларға, үлкен табиғиндерге, тіпті пайғамбарға, одан бергі қазақтың небір-небір ғұламаларына еліктегісі келсе, алдымен олардың өмірімен таныссын, сосын иманға келсін, одан кейін білімге ұмтылсын, қала берді мінезін түзесін, арасында ағайынмен тату болсын, барынша қоғамға сыйымды болсын.

"Өзім білем" мен "өз еркімге" салынып, ұлылардың есімімен істейтіні күнә, айтатыны жаман сөз, баратыны клуб, шығатыны зина болса, онда оның кім болғаны?", - дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Сөз соңында дінтанушы барша халықты қазақы есімдерден бас тартпауға шақырды.

"Жалпы, қазақ болып өмірге келіп, мұсылман болып қайтамын деген ниеттегілерге айтарым, жақсылап ұғыныңыздар, қазақы есімдеріңіз өздеріңізге Құдай берген құт, өйткені бұл өз қаныңыздан тараған өзек. Мұсылмандық есімде емес, жүректе, иманда, мінезде. Қазақтың көзден, сөзден, тілден қорғаныш есебінде аталған Қиқым, Итаяқ, Жаманбала, Сасықбай, тіпті, Көтібар мен Майкөтендер де бұ дүниеден мұсылмандықтан жиренбей, иманмен өткен. Ендеше, өзімізді өзегімізден теппейік", - дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895730-kr-uresilik-dintanusy-kazaksa-atyn-arabsaga-auystyratyndardy-kata-synga-aldy/

pixel