Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде бес баласы бар полицей далада қалған әжейді бір бөлмелі үйіне кіргізіп алды

Жарияланған күні:

Полицей мен әжей
Фото: NUR.KZ

Ақтөбелік полицей Дастан Сұлтанғазиевтің әрекеті елді сүйсіндірді. Тәртіп сақшысы немерелерімен тұрудан бас тартып, далада қалған 80 жастағы әжейді бір бөлмелі үйіне кіргізіп алған. Көпбалалы отбасы барар жері, басар тауы қалмаған қарияны алдағы уақытта да қамқорлығына алуға дайын деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Әже немересімен тұрғысы келмейді. Ренжісіп, үйінен жиі шығып кетеді. Учаскелік инспекторлар іздеп тауып, бірнеше рет үйіне жеткізді. Келіні мен неремесімен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайы зерделенді. Көп ұзамай тағы да қоңырау түсті. Оқиға қайталана берген соң ашық әңгіме айтып, себебі нақтыланды. Ол келіні және немерелерімен бір шаңырақта тұра алмайтынын айтты. Үнемі жанжал болған. Денесінде ешқандай жарақат анықталмады. Тек қариямен емес, келіні және немересімен хабарласып, сөйлестік. Олар қариядан бас тартып, қарттар үйіне өткізуді сұрады", - дейді Дастан Сұлтанғазиев.

Дастан бірден келіншегіне хабар беріп, үйіне апаратынын айтқан. Қолында таяғы бар, әрең қозғалып жүрген қарияны көпбалалы отбасы жылы қабылдаған. Людмила әжей де жаңа отбасыға үйренген. Дастанның бала күтімімен үйде отырған келіншегімен бірге оның жұмыстан келуін күтеді. Одан ешқайда жібермеуді сұрап, жылайды.

Бес балалы полицей үйіне әжейді кіргізді
Фото: NUR.KZ

"Қарттар үйіне барғым келмейді. 60-шы жылдан бастап ауруханада жұмыс істедім. Перзентхана, онкология секілді ауруханаларда еңбек еттім. Зейнетақым бар, пәтер жалдап тұра аламын. Бірақ маған Дастанның үйі ұнайды. Балалары өте жақсы, мені әже дейді. Әйелі Алмагүл де құрақ ұшып жүр. Олар мені паналатты.

Осыған дейін №12 шағын ауданда тұрдым. Ол жалдамалы пәтер. Немерем кезінде пәтерімді сатып, кәсіп бастап еді. Бірақ ісі алға баспай, баспанасыз қалдық. Мен далада қалдым (жылады). Қайда барарымды білмедім. Патрульдік полиция көлігі бөлімшеге жеткізді. Сол кезде Дастанды кездестірдім. "Әже" деп ыстық тамағын берді, жылытты. Бәрі жақсы болады деп айтты", - дейді Людмила Шевченко.

Полиция қызметкері баспанасыз қалған әжейге анасындай қарап жүр. Өзінің әрекетін ерлік санамайды.

"Бұл ерлік емес. Мен бірінші халықпен тығыз-қатынас орнату, көмек беру міндетім. Егер мен алып кетпесем, далада қалатын еді. Мен отбасымда жалғыз өстім. Әкем ерте дүние салды. Анам екеуміз ғана бір-бірімізге пана болдық. Өзімнің анам сияқты", - дейді Дастан.

Бес балалы полицей үйіне әжейді кіргізді
Фото: NUR.KZ

Жауапты мекемедегілер баспанасыз қалған әжені қарттар үйіне орналастыруға ұсыныс айтқан. Алайда зейнеткер оған да келісетін емес.

"Бұл кісінің кезінде үйі, жағдайы болған. Екі немересі бар. Біреуі сатып, бизнеске салған. Бизнес алға баспаған соң пәтер жалдап тұрған. Әженің айтуынша, немересі өзге облысқа жұмысқа кеткен. Әжемен сөйлестік, қарттар үйіне барудан бас тартып отыр. Зейнетақы жеткілікті, пәтер жалдауға мүмкіндігі бар. Егер немересі заңды түрде бас тартса, әлеуметтік қызметкер тағайындай аламыз", - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова.

42 жастағы Дастан Сұлтанғазиевтің бес баласы бар. 18 жылдан бері құқық қорғау саласында еңбек етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895842-aktbede-bes-balasy-bar-policej-dalada-kalgan-zejdi-bir-blmeli-jine-kirgizip-aldy/