RU

Алматыда биік шыңға шыққан шетелдік азамат аяқ-қолын сындырып алды

Альпинист
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда ең биік шыңдардың бірін бағындырмақ болған шетелдік азамат аяқ-қолын сындырып, аязда қалды. Абырой болғанда туристті дер кезінде құтқарушылар алып түсірген деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның жазуынша, Украина азаматы Алматы тауларын әдейі іздеп келген екен. Әуесқой альпинист шығу үшін ең биік шыңдардың бірін таңдап алған.

Биіктігі 4 мың метр Амангелді шыңын кез келген адам бағындыра алмайды. Тек дайындығы жоғары альпинистердің ғана қолынан келетін іс.

Дегенмен турист таудың биігіне шыға алған. Алайда жеткен бойда абайсызда құлап, аяқ-қолын сындырып алыпты.

Абырой болғанда шетелдік тауға жалғыз бармаған. Қасындағы серіктері дереу құтқарушыларды шақырды. Алты адам жабылып жүріп қонақты бес сағат дегенде жерге көтеріп түсірді.

Бұл күні тауда тағы үш адам адасып кетіпті. Ақтау қаласынан келген туристер өз бетімен Үлкен Алматы көлін тауып бармақ болған екен. Алайда жолда адасып, құтқарушылардың тағы да тауға көтерілуіне тура келді.

"Құбырмен жағалап міндік. Арғы жақта көлікпен жүргізбейді екен. Сосын тқұбырмеен ілініп кеттік. Тоқтап қалдық, міне, алмадық, мұз болды. Ең шыңына жеттік, не арғы жаққа жол жоқ, не бергі жаққа жол жоқ", - дейді ер адам.  

Дереккөз: КТК телеарнасы

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 12 желтоқсанында тауға жалғыз кеткен ер адамның жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түскен болатын.

Алайда құтқарушылардың үш күндік іздеу жұмыстарынан кейін таудан табылған 35 жастағы алматылық көз жұмған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896028-almatyda-biik-syga-sykkan-seteldik-azamat-aak-kolyn-syndyryp-aldy/