Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Келінімнен сабақ алып жүрмін": Желідегі ененің әңгімесі елді сүйсінтті

Опубликовано:

беташар
Фото: Өмір Шыныбекұлының Facebook парақшасынан

Зейнеттегі мұғалімнің ене мен келін туралы жазбасы көптің жүрегін елжіретті. Тараздық ұстаз Сақыпжан Аймаханова бұл жазбасы әп-сәтте "хит болады" деп ойламаған. Ал желі қолданушылары әңгіменің шынайы өмірде болғанына сеніп қалған. Әңгіме авторы KAZ.NUR.KZ тілшісіне желіде қызу талқыланған жазбасына қатысты пікір білдірді.

Жазба авторы келінінің басына орамал тартып, күнде сәлем салатынын, ата-енесінің аяқ-киімін балшықтан тазартып қоятынын, үйдегі ер адамдардың бас киімін төрге ілетінін сөз етеді.

Келінінің осындай әрекетінен сабақ алғанын айтқан ене өзі қайын жұртына салихалы келін бола алмағанын айтады.

"Келінім Аяукамның (Аяулым) ақылдылығы мен көргендігіне, тәрбиесіне іштей Аллама мың мәрте шүкірлік етемін. Қайын жұртыма салихалы келін болмадым, болуға талпынбадым. Сонда да құдіреті күшті Тәңірім мендей ойсыздау пендесіне мейірім төккеніне, кеш те болса қателігімді түсінуіме мүмкіндік бергеніне тәубе етемін.

Келінім түскен күннен орамал тартып, сәлем салды. Оның әр ісіне, аяқ алысына, қимыл- әрекетіне, сөзіне сынмен қарап, сырттай көп бақыладым. Байқағаным, ұлымның да, атасының да бас киімдерін кіре берістегі киім ілгіштен алып, төргі бөлмеге қояды", - деп жазады келін туралы әңгімесінде автор.

Facebook-те аталған жазба лезде тарап кетті. Дегенмен кейбір желі қолданушылары жазбаның шынайы екеніне күмән келтірсе, бірі өз пікірін қалдырған.

"Жас кезінде тікбақайлау келін болғанынын мойындап, келінінен сабақ алып жүргенін жалпақ жұртқа жария етіп жатқан енеден айналдым. Замандас болармыз, мүмкін кіші боларсыз. Сізге риза болдым. Қай ене болмасын әулетінің, бала-шағасының ата дәстүрінің заңды, дұрыс жалғасқанын қалайды. Кей енелердің ұлын келінінен қызғанатынын көріп жүрміз.

Әдет дейміз бе, қасиет дейміз бе, мен сол жағдайды түсіне алмаймын. Оның арты кейде балаларды ажыратуға әкеп жатады. Оның бетін ары қылсын. Сіз де тегін адам емессіз. Алла пиғылыңызға беріп тұр екен деп ойлаймын. Барлық аналарға Аяулым сияқты келін бұйыртсын", - дейді Асыл Әбілқайырқызы есімді оқырман.

Жазбаның шынайы екеніне сенімді тағы бір желі қолданушысы енесінің көрегендігі мен даналығына бас иетінін жазған.

"Қандай күшті! Енесі де жақсы! Ал, келіні оның шын ниетіне келген келін ғой!", - дейді ол.

Ал әңгіме авторы, зейнеттегі тараздық мұғалім Сақыпжан Аймаханова неліктен дәл осы тақырыпта қалам тербегенін айтты.

"Айналама, жора-жолдастарыма қарап отырсам, біз көп жағдайда жастарға кінә артады екенбіз. Жастардың көзқарасы бөлек. Бүгін есігімді аттады, ертең тамаша келін бола қалмады деп ойлаймыз. Анам айтатыны бар еді: "Бір қолыңды сілки берсең, дыбыс шықпайды. Екі қолыңды бір-біріне ұрсаң дыбыс шығады". Сол сияқты үйдегі кикілжің де екі жақтан болады. Бірыңғай келінді немесе енені жамандаудың қажеті жоқ.

Менің бұдан басқа әңгімелерім бар. Бірақ осы әңгіме халықтың көңілінен шыққан сияқты. Рахметін айтып жатыр. Кішісі болсын, үлкені болсын. Өзекті мәселенің бір бұрышын түртіп қалдым-ау деп ойлап отырмын.

Жастарды кінәлай бермей бір уақыт өзіміздің де кінәмізді мойындай білгеніміз дұрыс. Түрте берсе адамнан жаман қасиет шыға береді. Адамды тану үшін адамның бойында қандай жақсы қасиет бар деп іздеу керек. Егер ол адамның бойында қандай да бір адами қасиет болса, ол түбі жаман емес. Қатесіз Алла ғана.

Біз психологиямыздан адамның жаман жағын бірінші көреміз. Неге біз келінді жамандай береміз, келіннен де жақсы қасиетті көре білейік деген мақсатта жаздым", - дейді Сақыпжан Аймаханова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896138-kelinimnen-sabak-alyp-zrmin-zelidegi-eneni-gimesi-eldi-sjsintti/

pixel