RU

ҰБТ-2021: биылғы жылдан бастап не өзгереді

Фото
Көрнекі фото: Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі

2021 жылдың наурызынан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Оқушылардың бір емес, екі мүмкіндігі бар. Тағы қандай өзгерістер болатынын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматқа көшіруге қатысты жұрттың көкейіндегі сұрақтарға Қазақстан Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов жауап берді.

ҰБТ тапсыру уақыты үш айға созылады

Смағұлов "электронды форматпен" ҰБТ тапсыру мен ҰБТ-ны онлайн тапсыру екі бөлек дүние екенін ескертті. Электронды форматта оқушылар мамандандырылыған тестілеу орталықтарындағы компьютерлерді пайдалану арқылы тест тапсырады.

"Егер бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді дербес компьютер ұсынылады. Енді ҰБТ тапсыру белгілі бір күнге ғана белгіленбейді. Өткен жылдары оқушылар емтихан тапсыратын 10 күнді елеңдеп күтсе, енді ҰБТ тапсыру үш айға созылады. Өзі қалаған кез келген уақытта мектеп бітіруші түлек тест тапсыра алады", - деді Смағұлов.

Екі мүмкіндік болады

Енді мектеп оқушыларына ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік бар. Ең жақсы нәтижені оқушы грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады.

ҰБТ-ны бірінші рет тапсыру тегін болады. Бүгінде ҰБТ-ны екінші рет тапсыруды да тегін ету мәселесі қарастырылуда. Екінші ҰБТ ақылы болған күннің өзінде оның сомасы 2 242 теңгеден (5,3 доллар) әрі аспауы тиіс.

ҰБТ-ның электронды форматы жаңа заман талабына сай болып, бірқатар артықшылықтар береді. Біріншіден, оқушылар тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі күйзеліске ұшырау мүмкіндігін азайтады.

Пандемия кезіндегі ҰБТ

ҰБТ-ның ескі форматына ел бюджетінен 1 миллиард теңге (2,4 миллион доллар) қарастырылса, электронды форматтағы тестілеудің шығыны шамамен 400 миллион теңге (952 мың доллар) көлемінде болмақ.

"2019 жылдан бастап мұғалімдер барлық тестті компьютерде тапсырды, 2020 жылы магистранттарға арналған кешенді тестілеуді осы форматқа көшірдік. Ендігі кезек оқушыларда", - деп нақтылады Смағұлов.

ҰБТ тапсыру үшін еліміздің барлық өңірінде 56 тестілеу орталығы ашылады. Олар наурыздан қыркүйекке дейін жалға алынбақ. Тестілеу орталықтарында бүкіл республика бойынша 6 000 түлек екі лекпен емтихан тапсырады: біріншісі – 10:00-ден 14:00-ге дейін, екіншісі – 15:00-ден 19:00-ге дейін.

"Ақпараттық қауіпсіздік бойынша көп шара қабылданды. Ешкімнің жүйеге сырттан қосылу мүмкіндігі болмайды. Орта есеппен залда 50 адам ҰБТ тапсырады. Бұл пандемия кезінде аса маңызды, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берілмейді", - деді Ұлттық орталық басшысы.

ҰБТ тапсыруға қанша уақыт беріледі

Осы жылы ҰБТ тапсыратындар үшін тестілеу уақыты да өзгерген: жаратылыстану-математика бағыты бойынша емтихан тапсыратындарға 240 минут (4 сағат) бөлінсе, гуманитарлық бағыттағы мамандық таңдағандардың тест уақыты 225 минут (3 сағат 45 минут) болмақ.

Тест тапсыру барысында оқушыларға екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін екі минут, екі сағаттан кейін 15 минут берілмек. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, аздап тыныға алады.

ҰБТ кезіндегі IT-қауіпсіздік

ҰБТ тапсыруға арналған өңірлік орталықтармен байланыс жабық VPN-арнасы арқылы жүргізілуінің арқасында, бұл арнаға сырттан қосылу мүмкін емес болады.

"ҰБТ-ны тек нақты компьютерден ғана тапсыруға болады. Логин және құпиясөз арқылы басқа адам тапсыра алмайды. Компьютерлерде USB және флэш-карталарға арналған саңылау болмайды. Сондай-ақ, әрбір оқушының іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін камера орнатылады", - деп ақпараттық қауіпсіздік мәселесі жайлы айтып берді тестілеу орталығының басшысы.

Одан бөлек, тест тапсырушылар Face-ID арқылы сәйкестендіруден өтеді. Ал тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) анықтау үшін қазақстандық прокторинг жүйесі қолданылады. Тыйым салынған заттар анықталған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылып, оның осы жылы тестті қайта тапсыру мүмкіндігі болмайды.

Аппеляция

Жаңа форматтың артықшылығы, тест парақшасындағы жауаптарды кездейсоқ бояу мәселесінің шешімі табылғанында. Компьютердегі тестіде оқушы өз жауаптарын өзгерте алады және бір пәннен келесісіне өту мүмкіндігіне ие болады.

Оның үстіне, тест нәтижесін кешке дейін күту қажеттілігі туындамайды. Оқушылар тест нәтижесін алған соң бірден аппеляцияға өтініш бере алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896140-bt-2021-biylgy-zyldan-bastap-ne-zgeredi/