Қолдағы ақшаңыз жарамсыз болып қалуы мүмкін: Ұлттық банк ескерту жасады
Жарияланған күні:
Ұлттық банк 2021 жылдың 1 ақпанында 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттарды қабылдау және ауыстыру мерзімі аяқталатынын мәлімдеді деп жазады Sputnik Қазақстан.
Ақшаны жеке тұлғалар ғана Ұлттық банктің филиалдарында айырбастай алады.
Осы аталған банкноттар болған жағдайда, ҚҰБ-тің жақын маңдағы филиалына барып, 2021 жылдың 1 ақпан күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-ге дейін ұлттық валютаның қолданыстағы ақша белгілеріне ауыстырып алу керек.
2021 жылдың 2 ақпанынан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қабылданбайды және ауыстырылмайды.
Қосымша сұрақ туындаса, 1477 нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.
Айта кетейік, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 8 мыңнан аса қазақстандықтың өтінішін мақұлдап, есепшоттан 49 миллиард теңге шешіп алуға рұқсат етті.
Телеарна мәліметінше, төрт күнде барлығы 10 292 адам өтініш түсірген екен. Алайда тек 8 мың адамның ғана өтініші орынды болып шыққан. Қалған 2 мың адам қорындағы қаржысы жетпей тұрса да ақша сұратыпты. Тіпті зейнетақы шоты жоқ азаматтар да жұрттан қалыспай өтініш жіберген.
Мақұлданған 49 миллиард теңге бес күннің ішінде банктердегі азаматтардың арнайы есепшотына аударылады. Қазір бұл қаржылық операцияны 4 банк: "Отбасы банк", "Халық банк", "Банк Центр Кредит" және "Алтын банк" жүзеге асырады.
Зейнетақы шотынан алынған ақша жеке қолға берілмейді. Егер ол сома 45 күн ішінде пайдаланылмаса, зейнетақы қорына қайтарылады. Ақшаны қайта шешіп алу үшін азаматқа қайтара өтініш жазуға тура келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896164-koldagy-aksayz-zaramsyz-bolyp-kaluy-mmkin-lttyk-bank-eskertu-zasady/