Жезқазғанда полицейлер марқұмның телефонын ұрлап, оған үш шағын несие рәсімдеген
Жарияланған күні:
Жезқазғанда қайтыс болған ер адамның ұялы телефонын ұрлап, оған үш шағын несие рәсімдеген жергілікті полиция басқармасының екі криминалисі сот алдына келді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Жезқазған қалалық сотына сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, өткен жылдың 25 наурызында сотталушылардың бірі қызметтік міндетін атқарып жүріп, жедел-тергеу тобымен бірге жол апаты болған жерге барған.
Оқиға Кеңгір ауылы маңында болған.
Полицейлер көлік жүргізушісінің оқиға орнында қайтыс болғанын анықтаған.
Оқиға орнын зерттеген тәртіп сақшысы марқұмның ұялы телефонын тауып алып, бұл туралы тергеушіге айтпаған. Телефонды қалған заттай айғақтарға қоса салған.
Кейінірек ол марқұмның телефонын өзіне алып, тіпті әріптесіне көрсеткен.
Іс-әрекеттерінің заңсыз екенін білсе де тәртіп сақшылары бөтеннің смартфонын ақтарып, ішінен банктің мобильді қосымшасын тапқан.
Осыдан кейін олар марқұмның атына үш шағын несие рәсімдеп, жалпы сомасы 100 мың теңгені бөліп алған.
Бірнеше күннен кейін қайтыс болған ер адамның 50 мың теңге көлемінде жалақысы түскені туралы хабарлама келген. Сотталушылардың бірі бұл ақшаны бірден танысының картасына аударып жіберген. Кейінірек олар телефонды 15 мың теңгеге сатқан.
Шындықтың беті ашылған кезде полицейлер барлығын мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келген.
Оларға "Ұрлық", "Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" және "Алаяқтық" баптары бойынша айып тағылған.
Жезқазған қалалық соты полицейлерді кінәлі деп танып, 3,5 жылға бас бостандығын шектеді.
Сонымен қатар сот оларды лейтенант және аға лейтенант шенінен айырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896173-zezkazganda-policejler-markmny-telefonyn-rlap-ogan-s-nesie-rsimdegen/