Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда мемлекет жалға беретін дайын пәтерлердің бос тұрғаны рас па

Опубликовано:

Жас Қанат ықшам ауданы
Фото: Іңкәр Жанәділқызының facebook парақшасынан

Алматыда бір топ қоғам белсендісі Жас Қанат шағын ауданында мемлекет жалға беретін көп пәтерлі дайын тұрғын үйлердің әлі бос тұрғанын айтуда. Қоғам белсенділері жаңа тұрғын үйден хабарландыру бойынша пәтер жалдауға болатынын да анықтаған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматылық белсенді аналар тобы аталған шағын ауданда болып, қолданысқа берілген үйлердің неліктен әлі бос тұрғанын анықтауға тырысты.

Жас Қанат шағын ауданы
Фото: Аида Букаеваның facebook парақшасынан

"Күні кеше белсенділер тобымен Жас Қанат шағын ауданына барып келдік. Онда әлеуметтік осал топ санатына жататындарға мемлекеттік бағдарлама аясында жалдамалы пәтерлер берілетінін білеміз. Біз үйлердің қолданысқа берілу актісіне жазда қол қойылғанын, ал келісімшарқа желтоқсанда қол қойылғанын анықтадық.

Бүгінгі күнде бір ай өтсе де 40 пәтерден тұратын екі үй бос тұр. Кез келгеніміз бұл үйлердің сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана екенін, оның мұқтаж тұрғындарға, яғни, ипотекаға сатып алуға қаражаты жоқ жандарға берілетінін хабардармыз. Ал адам шынымен баспанаға мұқтаж болса, бір сағатта-ақ көшіп алар еді", - дейді қоғам белсендісі Аида Букаева.

Қоғам белсенділері екі үй бірнеше айдан бері құрылыс компаниясының есебінен жылытылатынын да анықтаған.

"Үйдің ыстығы сондай келісімшартқа отыра сала көшіп келген бірнеше отбасы тәулік бойы терезесін ашып қояды. Біз КСК-дан мән-жайды сұрағанда осы екі үйді жылытуға орта есеппен миллион теңге жұмсалатынын білдік. Құрылыс компаниясына, тіпті миллион теңге сөз емес болып тұр", - дейді олар.

Белсенді топ мүшелері анықтаған ең қызық жайт - тура осы үйлерден 120 000 теңгеге бос пәтер жалдауға болатыны.

"Қаламыздың тұрғыны, мұқтаж есебінде мемлекеттен жалға пәтер алады да соны жалға береді. Маклермен сөйлескен әңгімемізді видеоға жазып алдық", - дейді белсенді Аида Букаева.

KAZ.NUR.KZ тілшісі анықтағандай, қазір хабарландыру сайттарынан аталған хабарландырулар алынып тасталған.

Аналардың белсенді тобы әкімдікке пәтерлерді аралайтын жұмыс тобын құруды ұсынғанын айтады.

"Бұл өте оңай. Келісімшарттарды алып, пәтерлерде тұрып жатқан тұрғындардың жеке куәліктерін тексереміз", - дейді белсенді.

Қоғам белсенділері Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысына кіріп, мәселенің анық-қанығын білгенін де алға тартты.

Аида Букаеваның айтуынша, басқарма басшысы аталған тұрғын үйлердің пәтерлері нарықта жалға берілетіні туралы жайттан хабарсыз екен.

KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасымен байланысқа шығып, аталған жағдай бойынша пікір білдіруін сұрады.

Әкімдіктің баспасөз қызметі портал сауалына жауап берді.

"2020 жылы 21 желтоқсанда коммуналды тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз баспана беру туралы қаулы қабылданды. Олардың ішінде Жас Қанат шағын ауданындағы 1/86, 1/87 үйлер бар. Тұрғын үй саясаты басқармасы барлық пәтерлерге келісім шарт жасасты.

2020 жылғы 28 желтоқсандағы жағдайға сәйкес Жас Қанат шағын ауданындағы 1/86, 1/87 үйлерінен бөлінген 80 пәтердің 40-ы бос тұр. 40 пәтер бойынша жалға беру туралы келісімшарт жасалды, кілттері берілді.

Бос тұрған 40 пәтердің 13-і пәтерден бас тартты. Себептері - ипотекалық бағдарламаларға қатысуға ниетті, пәтердің ауданымен келіспейді. Аталған пәтерлер осы санаттағы келесі кезекте тұрған азаматтарға қайта бөлінеді.

27 адам келісім шартқа қол қоюға келген жоқ. Оларға басқармаға келу туралы ескерту қағазы жіберілді. Егер олар ескерту қағазын алып, басқармаға келмесе пәтерлер кезектегі басқа азаматтарға беріледі.

Жақын арада аталған пәтерлер бойынша шешім қабылданады", - дейді KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Әкімдік коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілген пәтерлерді үшінші тарапқа жалға өткізу туралы мәселені жеке немесе заңды тұлғалардың сәйкес шағымы бойынша тексерілетінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896228-almatyda-memleket-zalga-beretin-dajyn-pterlerdi-bos-trgany-ras-pa/