RU

Қазан айында халық санағы өтеді: Президент арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды

Көрнекі фото
Көрнекі фото: pexels.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің үшінші отырысы барысында елімізде халық санағы осы жылдың қазан айында өтетінін мәлім етті деп хабарлайды Ақорда.

"Халықтың ұлттық санағын ұйымдастыру мәселелері жайында айта келе Қасым-Жомарт Тоқаев осынау ауқымды шара маңызды сараптамалық мәліметтерді, оның ішінде халықтың шынайы санын, олардың жастарын, гендерлік құрамын, урбанизация дәрежесін, кіріс деңгейін және дұрыс, негізді басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қажетті өзге де мәліметтерді алуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Сондықтан Президент барынша қажетті мәліметтер алу үшін сауалнаманы мазмұндық жағынан толықтыру мәселесіне назар аудартты", - делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев көп сұрақтармен азаматтардың басын қатырмау қажеттігіне, әсіресе қазіргі пандемия жағдайын ескере отырып, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану керектігіне назар аудартқан.

Президент халық санағын дайындау және өткізумен байланысты негізгі ұйымдастырушылық және маңызды мәселелердің шешімімен айналысатын премьер-министр бірінші орынбасарының төрағалығымен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

"Санақ осы жылдың қазан айында өтуі, ал 2022 жылдың ортасында Үкімет соңғы мәліметтерді жария етуі тиіс", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896462-kazan-ajynda-halyk-sanagy-tedi-prezident-arnajy-zmys-tobyn-krudy-tapsyrdy/