RU

Елімізде бірде-бір тұрғыны коронавируспен ауырмаған ауыл анықталды

Коронавирус кезіндегі тұрғындар
Көрнекі сурет: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қазақстанда коронавируспен бірде-бір тұрғыны ауырып көрмеген ауыл бар болып шықты. Ол Жамбыл облысында орналасқан. Пандемия басталғалы бері онда коронавирусты жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Меркі ауданы Аспара ауылдық округінде пандемия кезінде коронавирустық инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелмеген.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталмыш ауылдың тұрғындарымен кездесті. Округ әкімі Гаухар Оспанбекова ауыл жағдайы туралы есеп бере отырып, ауылда коронавирус дертін жұқтыру жағдайы мүлде болмағанын алға тартты.

Бердібек Сапарбаев өз кезегінде тұрғындарды өзі және өзгелердің денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Ол қазір той-тойлайтын уақыт еместігін ескертті. Вируспен күрес әлі аяқталмағандықтан, мерекелік шараларды шегере тұру керек дейді әкім.

"Инфекция жұқтыру жағдайлары біздің өңірде баяу болса да , өсіп келеді. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау маңызды. Ең бастысы, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштық сақталуы тиіс. Бұл біздің тіршілігіміздің негізі", - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Аспара ауылдық округінің құрамына кіретін Аспара, Қайыңдысай және Құмарық елді мекендерінде 1,6 мың адам тұрады екен. Үш ауылда да газ бар, дегенмен екеуінде су құбыры жоқ.

Ауылдық округтің әкімі Гаухар Оспанбекованың айтуынша, ағымдағы жылға арналған жоспарда ең алдымен – ауыз су мәселесін шешу жайы қарастырылған.

«Аспара» өндірістік кооперативінің басшысы Қалдыбай Алмабаев болса, Бердібек Сапарбаевтың ауылдарына келген бірінші облыс әкімі екенін атап өтті. Ол былтырғы субсидия мәселесін шешіп беруге көмек сұрады. Сондай-ақ, қой жүнін өткізетін орынның жоқтығын, бұрын шаруалар оны өткізіп, жыл сайын 20 миллион теңгеге дейін табыс тапқанын жеткізді.

Жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындар назар аударуды сұраған мектеп ғимаратын аралап, танысты. Барлығы дәстүрлі форматта оқып жатқан оқушылар мен мұғалімдерді әңгімеге тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896538-elimizde-birde-bir-trgyny-koronaviruspen-auyrmagan-auyl-anyktaldy/