Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында белгілі меценаттың кеңсесіне тінту жүргізілді (видео)

Опубликовано:

Кеңсе
Скриншот: NUR.KZ

Ақмола облысында танымал кәсіпкер әрі меценат Борис Козловтың кеңсесіне тінту жүргізілді. Тінтуді экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізді. Бұл туралы кәсіпкердің өзі көпшілікке жария етіп, тергеу жүргізетін орган өкілдері оқиғаға қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тінту жұмыстары 29 қаңтарға қараған түні Көкшетау қаласының Абай көшесіндегі бизнес орталықтың тоғызыншы қабатында жүргізілді. Бірнеше адам кеңседен қаптарға салынған заттар мен компьютерлерді алып шықты. Олардың қасында "Trustchem Chemical" ЖШС, "Азия Агрохим" және "Агрофирма Берекет-2050" қызметкерлері болған. Тінту кезінде Ақмола облысына танымал кәсіпкер, "Азия Агрохим" ЖШС бас директоры Борис Козлов та кеңседе болыпты. Оның фирмасы пестицидтерді сатумен айналысады.

Зеренді ауданының әкімдігі Борис Козловты жергілікті тұрғындар Уәли ханның мазарын өз қамқорлығына алған адам ретінде жақсы танитынын айтуда. Көкшетау маңындағы Қазақстан ауылы бірнеше жыл бұрын кәсіпкер келгеннен кейін қайта жандана бастаған екен. Тұрғындар жаңа нысандардың арқасында жұмысқа орналасып, оларға материалдық қолдау көрсетілген. Бүгінде кәсіпкер президентке жүгінбек.

"Біз объективті тергеу жүргізуді сұраймыз. Егер мен кінәлі болсам, өз іс-әрекетім үшін жауап беремін. Бірақ менде бәрі заңды, бәрі құжаттарға сәйкес. Күндіз кеңседе болған жайды нағыз сұмдық дер едім!", - дейді кәсіпкер.

Даулы оқиға 2017 жылы басталған. Козлов Зеренді ауданындағы өзге серіктестікке гербицидтер жеткізуге келісіп, нәтижесінде серіктестік оларға 117 млн теңге берешек болып қалады.

Қарызды өндіріп алу үшін Козловтың компаниясы жеке нотариусқа жүгінуге мәжбүр болады. Кәсіпкердің айтуынша, серіктестік біраз уақыт бойы қарыздарын төлеп келген, бірақ кейін борышкер фирма өзін зардап шегуші тарап ретінде көрсетіп, органдарға шағым түсіреді. Содан кейін Ақмола облысының экономикалық тергеу басқармасы бұл істі қолға алыпты.

2021 жылы 29 қаңтар күні түстен кейін Борис Козлов пен оның серіктесі Ольга Липеннен куәгерлер ретінде жауап алынып, ал кешке тінту жұмыстары жүргізілген. Адвокат Айгүл Есболатованың айтуынша, кеңселер мен пәтерлерде тінту жүргізу заңсыз болған.

"Ұялы телефондар, қолма-қол ақша, мөртаңбалар, құжаттама, техникалық жабдықтар, электронды банк кілттері, сейфтер тәркіленді. Департамент қызметкерлері кәсіпорындардың мүлкін тәркілеп, жұмысты толығымен тоқтатып тастады деп санаймын. Іс 190-баптың 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр (аса ірі көлемдегі алаяқтық)", - дейді адвокат.

Бұл жайтқа қатысты аймақтың экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Әлібек Төлепбергенов түсініктеме берді.

"Шоттар бұғатталған жоқ, кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ешқандай шектеулер жоқ. Қылмыстық іс қозғалды, біз оны анықтаймыз. Мүмкіндігінше тез арада мүлікті, ішінара тәркіленген құжаттарды қарастырып, қайтаруға тырысамыз. Бізге өтініш келіп түсті, сондықтан оны қарастырып, шешім қабылдауымыз керек. Компания адвокаты бізге келіп, материалдармен танысуға, сондай-ақ шешімдерімізге шағымдануға құқылы. Біздің әрекеттерімізде заңсыз ештеңе жоқ", - деді департамент басшысының орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896547-akmola-oblysynda-belgili-mecenatty-kesesine-tintu-zrgizildi-video/

pixel