RU

Аймағамбетов "ата-аналарды кешкі 6-дан кейін жұмыста ұстамау" ұсынысына не дейді

Асхат Аймағамбетов
Фото: primeminister.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беру барысында "ата-аналарды кешкі 6-дан кейін жұмыста ұстамау" туралы ұсынысқа қатысты өз ойын ортаға салды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

"Парламент депутаттары "мемлекеттік қызметкерлер мен ірі кәсіпорындарда еңбек ететін ата-аналарды сағат 18:00-ден кейін жұмыста ұстамау керек" деді. Қосыласыз ба?", - деп сұрады министрден Нартай Аралбайұлы.

"Бұл кешенді проблема. Сағат алтыда ата-аналарды үйге жіберсек, мәселе шешімін табады деген сөз емес. Мұндай проблемаларды көтергенде ғылыми негізде оны зерттеуіміз керек... Алты-алты жарымда ата-аналардың үйіне баруы, жалпы қызметкерлердің үйіне қайтуы - бұл заңда белгіленген мәселе. Сондықтан, бұл әр адамның өзінің таңдауы, жұмыс берушінің шешімі деп ойлаймын. Сол себепті, бұл мәселе өз тәртібімен шешіледі деген пікірдемін... Бұл кешенді ведомствоаралық жұмыс болуы керектігімен келісемін", - деп жауап берді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, бұған дейін Асхат Аймағамбетов алдағы ҰБТ қалай өтетінін айтып берген еді. Министр әр баланың тест тапсыруына ыңғайлықтар қарастырылғанын алға тартқан болатын.

Аймағамбетов тест уақытын наурыз айынан бастап таңдауға болатынын және тест кезінде калькулятор қолдануға рұқсат етілгенін айтуда.

"Калькуляторға келсек, оны таңдаған мамандығына қарамастан, бәрі қолдана алады. Себебі, оны қолдануды да білу керек. Ол да функционалдық сауаттылық. Қиын есеп болса, калькулятор тұрмақ, басқа не берсең де, ол оны қолдана алмайды. Бірақ біз беретін калькулятор өте қарапайым, қосу, алу, бөлу сияқты функциялары ғана бар", - дейді министр.

Одан бөлек, Білім және ғылым министрі өзіне "шабуыл жасап жатқандар" туралы ағынан жарылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896561-ajmagambetov-ata-analardy-keski-6-dan-kejin-zmysta-stamau-synysyna-ne-dejdi/