Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Анар Фазылжанова: Жаңадан ұсынылған әліпбидің ғылыми негізі бар

Опубликовано:

Анар Фазылжанова
Фото: tilalemi.kz

Өткен аптада қазақ жазуының латын графикасындағы жаңа әліпбиі таныстырылды. Қазақ әліпбиінің бұл нұсқасы - еліміздегі маңдайалды тілтанушы ғалымдардың зерттеп, сыналған, електен өткізген жобасы. Ұсынылып отырған әліпбидің қандай принциптерге сүйеніп жасалғаны туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова айтып берді.

Қазақ жазуына лайықталған латын әліпбиінің осы нұсқасын жасауға аталмыш институттың ғалымдары айтарлықтай үлес қосқан. Анар Фазылжанова қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесін алғашында тілтанушылар тек ғылыми ортада талқылануы тиіс мәселе деп есептегенін жасырмады. Институт директорының айтуынша, ғалымдар әліпбидің бұрынғы нұсқаларына қатысты қоғам пікіріне мән беріп, жаңа әліпбиді әзірлеу ісіне пайдалы болатындай тіркеп отырған.

"О баста қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі көтерілген кезде өзім сияқты осы іске араласып жүрген тілтанушы ғалымдардың көзқарасы біржақты болған. Біздің ғалымдарымыз осы мәселені тек ғылыми орта талқылап, ғалымдар ғана шешуі керек деп ойлағанбыз. Бірақ реформаның басты талабы ретінде демократиялық принцип болатынын елбасымыз алғаш саяси шешім шығарған кезде анықтап берді. Сонда жұртшылықтың алуан түрлі пікірі институтқа келіп түсе бастады. Оны біз, ғалымдар басқаша ой елегінен өткізді. Тілтанушы ғалымдар қоғамның мұндай белсенділігін баспай, керісінше оны өздерінің жаңа әліпбиге қатысты зерттеулерінде, жаңа әліпбиді әзірлеу ісінде пайдалы жақтан қолдануға болатынын түсіндік. Бұл қазақ қоғамының өзінің болашағына енжар емес екенінің жарқын көрсеткіші болды", - дейді филология ғылымдарының кандидаты.

Ғалымның сөзінше, жаңа әліпбиге қатысты ұсыныстар әлі де толастамай келіп жатыр.

"Әрине олардың барлығының бірдей ғылыми негізі бар деп айта алмаймыз. Дегенмен де бұндай белсенділіктің өзі бізді қуантады. Акут әліпби шыққан кезде алдыңғы екі әліпбиге қарағанда көп оңтайлы жағы бар деген пікір болды. Соған қарамастан акут әліпбиге де сын айтылды. Осы ескертпелердің барлығын тіркеп отырдық. Ішіндегі шынында да ғылыми тұрғыда негізделгендерін жаңа әліпби жасауда қолдандық", - дейді Анар Фазылжанова соңғы әліпби нұсқасын ұсынушылардың атынан.

Институт директоры жаңа әліпбидің ғылыми негізі бар екенін шегелеп айтты.

"Ұсынылып отырған әліпбидің грамматалогиялық негізі бар. Грамматалогия - лингвистиканың жазу мәселесіне арналған үлкен бір саласы.

Екіншіден бұл әліпбидің фонологиялық негізі бар. Себебі қазақ жазуы әріптік-дыбыстық жазу саналады. Бұл қандай жазу дегенді түсіну үшін оны иероглифпен салыстырайық. Иероглиф - бейнелі жазу. Ол жердегі бір таңба бір буынды, бір сөзді білдіреді. Ал қазақ жазуындағы бір таңба жеке дара дыбысты білдіреді. Сондықтан бұл әліпбидің фонологиялық негізі бар. Әрбір таңбаға төл дыбыстық жүйеміздің санада ажыратылатын жеке дыбысын мазмұн етіп алдық.

Бұл әліпбидің психологиялық негізі бар. Бұл әліпбидегі таңбалар көз шалымға ыңғайлы, қол дағдыға оңтайлы болуы керек.

Бұл әліпбидің тарихи негізі бар. Өйткені латын графикалы әліпби қазақ жазуының тарихында бұрын болған. Сол тарихи кезеңдегі әрбір таңбаға қатысты кескін, бейне, образ ұлттың санасында сақталады. Кейбір таңбаларды тарихи факторға да байланысты қарастырдық.

Бұл әліпбидің педагогикалық әдістемелік негізі бар. Әліпби үйретуге оңтайлы, баланың санасына, көз шалымына ыңғайлы, қолмен жазу дағдысына икемді болу керек.

Бұған қоса әліпбидің лингвостатистикалық негіздері бар. Қазақ мәтіндеріндегі әрбір әріптің жиілігі қандай деген мәселе сол әріптің кескінін таңдауға көмектесті. Мысалы, жиілігі өте жоғары әріптерге қосалқы диакритикалық таңбаны алған қолайсыздық тудырады. Қайта-қайта үстінен қосалқы таңба жазып отыру уақытты кетіреді.

Әліпбидің экономикалық тұрғыдан да негізі бар. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлы: "Әліпби адамның қуатын көп кетірмеу керек, уақытын алмау керек", - деп айтып кеткен. Яғни онымен жазып-сызған өте жеңіл болу керек.

Осы тұрғыдан біздің институттың ғалымдары әліпбиге қойылған талаптың негізгісі ретінде оның уақыт сыйымдылығы және қуат сыйымдылығы деген белгілерін анықтады. Уақыт сыйымдылығы мен қуат сыйымдылығы тұрғысынан алғанда бұл әліпби басқа әліпбилерге қарағанда жеңіл болды.

Қуат сыйымдылығы осы әліпбимен жазу барысындағы қателердің санына кері пропорционал. Яғни осы әліпбиді пайдаланған жазарман қате аз жіберсе , онда ол қуат сыйымдылығы тұрғысынан өте оңтайлы әліпби, демек оған адам өзінің қуатын аз жұмсайды.

Уақыт сыйымдылығының тиімділігі сондай, осы әліпбимен жазу-оқу барысында адамның уақыты аз кетсе, онда ол әліпби оңтайлы деген сөз. Осы орайда әртүрлі эксперименттер жасалған.

Бұл - ғылыми тұрғыда негізделген әліпби. Осы орайда журналистерден сұрарым - қазіргі кезде әліпбиді сын үшін сынап жатқандардың кесірінен сақтайық", - деген үндеу тастады ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896563-anar-fazylzanova-zaadan-synylgan-lipbidi-gylymi-negizi-bar/

pixel