Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Гендер пати, хен пати": Қазақ мәдениетіне сіңіп жатқан батыс дәстүрлері қандай

Опубликовано:

Гендер пати
Көрнекі фото: bash.today

Батыстан келген қазақ қоғамына жат дәстүрлер көзге үйреншікті, құлаққа сіңісті болып барады. Атадан қалған салт болмаса да, елімізде туған күн тойламайтын отбасы қалмады. Қазақы ғұрып қоржыны бұрын естімеген әдеттермен толығып жатыр. Қазақ жастары арасында сәнге айналған жаңа дәстүрлерге KAZ.NUR.KZ тілшісі шолу жасады.

Қазақтың "тал бесіктен жер бесікке" дейінгі ғұмыры салт-дәстүрге негізделгені белгілі. Алайда, өз ғұрпымыздан бөлек, жаһандану әсерінен түрлі батыстық дәстүрлер қазақтың салт-санасына еніп кетті. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.

Гендер пати (Gender party)

Гендер
Көрнекі фото: instagram.com/genderparty

Бұл кештің мәні - аяғы ауыр келіншек немесе отбасының жақын достары құрсақтағы шарананың жынысын болашақ әкесіне сүйіншілеп, тосынсый жасайды. Үльтрадыбыстық зерттеу нәтижесін, яғни баланың жынысы туралы мәліметті қолына алған әйел оны түрлі әдіспен білдіре алады. Жағымды жаңалық шардың түсі, тәтті торттың түсі немесе қорапқа жасырылған басқа да атрибут арқылы жеткізілуі мүмкін. Нарықта бұл кешті арнайы ұйымдастырып беретін қызмет түрлері бар.

Аталмыш дәстүрдің қазақ қоғамына келгеніне көп бола қойған жоқ. Оның мағынасы ағылшынның gender сөзінен шыққан. Ол - адамның жынысы дегенді білдіреді.

Хен пати (Hen party)

Хен пати
Көрнекі фото: iakhmetova.wixsite.com

“Hens party” немесе “Hens night”, сөзбе-сөз аударғанда “Тауық кеші” – бұл қалыңдықтың құрбылары той алдында бас қосатын отырыс.

Қалыңдыққа арналған қыздардың кеші әлемнің көптеген елдерінде ұйымдастырылып жүр. Хен пати түсінігі Ұлыбритания, Ирландия, Аустралия мен Жаңа Зеландияда кең таралған. Ал АҚШ пен Канадада бұл кешті "Тұрмыс құрмаған қыздар кеші" (Бэчалорет пати) деп атайды.

Тортқа шырақ жағып үрлеу

Торт
Көрнекі фото: best-wallpaper.net

Бұл дәстүр әлемнің түкпір-түкпіріне таралып кеткелі қашан?! Алайда оның шығу тарихын, неліктен осылай жасалатыны туралы біреу білсе, біреу білмес. Ғаламтордағы дереккөздердің жазуынша, Германияда ХVIII ғасырда тек балалардың туған күнінде шырақ жағу дәстүрі болған. Сол күні көзге көрінетін жерге торт қойылып, оған шырақ жаққан. Шырақ саны баланың жасынан бір санға артық болыпты. Қосымша шырақ болашақты білдірген деседі. Шырақ күні бойы жанып тұрған, сөнсе жаңасына алмастырған. Ал кешке туған күн иесі ішінен өзінің арманын айтып, шырақты үрлеген. Сенім бойынша шырақтан көтерілген түтін бала тілегін құдайға жеткізуі тиіс.

Туған күн иесінің бетіне торт лақтыру (жағу)

Торт лақтыру
Көрнекі фото: iz.ru

Туған күнге қатысты тағы бір жаңа әдет қалыптасып үлгерді. Ол туған күн иесінің бетіне тәтті торт лақтыру. Бұның шығу себебін нақты дөп басып ешкім айта алмайды. Адамға торт лақтыру көбінесе әзіл-қалжың деп есептеледі. Сондай-ақ танымал саясаткерге, жұлдызға қарсылық көрсету әдісі ретінде қабылданып жүр. Ал оны алғаш рет әзіл ретінде пайдаланған ағылшынның жеке театр саласындағы кәсіпкері Фред Карно. Торт лақтыру 1909 жылы Америкада шыққан комедиялық "Мистер Флип" атты мылқау фильмнің сахнасында көрсетілгеннен бері танымал. Қоғамда туған күн иесіне торт лақтыру әдетін жақтырмайтындар көп. Жақында әлеуметтік желіде туған күніне орай анасының бетіне торт жаққан қазақ жігіті көптің сынына ұшырады.

Хэллоуин

Хэллоуинге киінген отбасы
Көрнекі фото: study.ru

Хэллоуин (ағылшын тілінде Halloween) — әлемнің көп елдерінде 31 қазанда тойланып жүрген атаулы күн. Ол Ирландия мен Шотландияның көне кельттерінің дәстүрлерінен бастау алған, тарихы қазіргі Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия аумағында басталған мереке. Хэллоуин дәстүрлі түрде Батыс Еуропа мен Америкада тойланады. Елімізде бұл дәстүрді студенттер, мектеп оқушылары, тіпті балабақша жасындағы балалар да біледі.

Бүгінде қоғамда қорқынышты, сұрықсыз атрибуттарымен белгілі Хэллоуинді атап өткісі келетіндер қатары көбейген. Нарықтан Хэллоуин кештерге арналған маскарад костюмдерін еркін сатып алуға болады. Бұл түні түрлі «көңілді кештер», түнгі клубтарда қорқынышты би кештері және фрик-балдар, түрлі квесттер ұйымдастырылып жүр. Адамдар онда барынша көңіл көтеруге тырысып, шын мәнінде не тойлап отырғанын өздері түсінбейді.

Бонбоньерка беру

Бонбоньеркалар беру
Көрнекі фото: zen.yandex.ru

Қазақ дастарханынан онсыз да табылатын тойдан сарқыттың тағы бір түрі пайда болды. Бонбоньерка тойға келген әр қонаққа берілетін тәттілер. Бонбон сөзі француз тілінен кәмпит деп аударылады. Бонбоньерканың ішіне әдетте бес тал кәмпит салынады. Оның мәні әр кәмпит денсаулық, ұзақ өмір, қуаныш, байлық пен сәттілік дегенді білдіреді. Кәмпит санының тақ сан болуы екі жастың бөлінбес берік отбасына айналуын меңзейді.

Тойда гүл шоғын лақтыру

Гүл
Көрнекі фото: weddy.club

Қазақ қоғамында сыналған тағы бір шеттен келген дәстүр - тойда гүл лақтыру. Қалыңдықтың тұрмыс құрмаған құрбыларына гүл шоғын лақтыруы бізге батыстан сіңді. Онсыз қазір бірде бір той өтпейтін болды. Тарихына көз жүгіртсек, қалыңдықтың құрбылары қалыңдықтың той көйлегінің етегінің шетін жұғысты болсын деген ниетпен жұлып алып отырған. Көйлек бүтін қалу үшін қалыңдық оған гүл жапырақшаларын жабыстырған екен. Алайда ол да көйлекті бүлдіріп, ыңғайсыз болғандықтан, гүлшоғын лақтыру дәстүрі қалыптасыпты.

Ата-енеге торт жегізу

Торт тәтті
Көрнекі фото: weddingmagazine.com.ua

Қазіргі тойларда келіннің қолынан шай ішу емес, торт жеу әдетке айналды. Бұл дәстүр екі жақтың ата-аналарына құрмет көрсетудің белгісі саналып жүр. Тәттінің бірінші кесілген бөлігінен міндетті түрде жастардың ата-аналары ауыз тиеді.

Бұлардың арасында ақылға қонымдысы да, бізге мүлде түсініксізі де бар. Батыс мәдениетінің дендеп еніп кетуін қоғам аңғармай да қалғанға ұқсайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896722-gender-pati-hen-pati-kazak-mdenietine-siip-zatkan-batys-dstrleri-kandaj/

pixel