RU

Топ бестікке кірді: Қазақстандықтар Мальдив аралына жиі баратын болып шықты

Мальдив аралдары
Көрнекі фото: piqsels.com

Мальдив аралдарының туризм министрлігі 2021 жылы қаңтар айында елге келушілер статистикасын ұсынды, оған сәйкес демалуға барған туристер саны бойынша қазақстандықтар алғашқы бестікке кірді.

Мәселен, өткен айда аралдарға 92 103 шетелдік турис барған, Ресей, Украина және Қазақстаннан барғандар бұл көрсеткіштің үштен бір бөлігінен астамын құрап отыр.

"Вестник АТОР"-ның хабарлауынша, қаңтарда Мальдив аралына шетелдік туристердің жалпы ағыны 2020 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 4,3%-ға ғана азайған (ол кезде 96 255 адам болған).

2020 жылдың басында Мальдив аралындағы туристер саны бойынша ТОП-5 мемлекет келесідей: бәрінен бұрын Қытайдан, одан кейін Италия, Үндістан, Ресей және Ұлыбританиядан барған.

2021 жылы бұл тізім таңқаларлықтай өзгеріп шыға келген: Ресей қазір бірінші орында (20973 турист), екінші орында Үндістан (19135 турист), Украина үшінші орында (7210 турист), Қазақстан төртінші орында (4 434 турист) және бұл бестікті Румыния (3 921 турист) түйіндеді.

Мальдив аралдарына келгендердің 35,4 пайызы осы 5 елге тиесілі.

Мұндай тенденцияның орын алуына коронавирус пандемиясы және Еуропа елдеріндегі аурудың таралуына қарсы қабылдаған шектеулер себеп болған деп жазады басылым.

Мальдив аралдарының туризм министрлігінің мәліметтері бойынша, 2021 жылы олар әлемнің түкпір-түкпірінен кем дегенде 1,5 миллион турист келеді деп күтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897384-top-bestikke-kirdi-kazakstandyktar-maldiv-aralyna-zii-baratyn-bolyp-sykty/