RU

Коронавируспен ауырған адамның денсаулығы қанша уақытта қалпына келеді

Вакцина салу
Көрнекі сурет: pexels.com

Алматыдағы №36 қалалық емхананың пульмонолог-дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Дәме Сайланова СOVID-19 инфекциясымен ауырғандардың денсаулығы туралы айтып берді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маманның айтуынша, Covid-19 ауруымен ауырған пациенттердің денсаулығының жағдайы әртүрлі, аурушаңдықты көтере алуына байланысты.

"Аурудан айыққан адамның денсаулығы бір айдан бір жылға дейінгі аралықта қалпына келеді. Өкпесі зақымданған пациенттерде пневмофибриоз туындауы мүмкін, яғни рентгенге түскен кезде ол тігіс секілді көрінеді.

Коронавируспен ауырған пациенттердің кейбіреуінде жалпы әлсіздік, тез шаршап қалу, ашуланшақтық, көңіл күйінің жиі өзгеруі, ұйқысының бұзуылуы, депрессия мазасын алады, мұндай кезде емдеу шарасын жүргізіп организмді бекіту қажет. Ауыр өткен ковид пневмониясынан кейінгі пациенттерді біз, көрсеткіштері бойынша, өкпенің желдетуін жақсарту, мазасыздық пен депрессияның алдын алу, өмір сүруін жақсарту мақсатында оңалту орталықтарына жібереміз", - дейді дәрігер.

Оңалтудың ұзақтылығы 14 күнге дейін созылады. Ол жерде реабилитолог дәрігерлердің бақылауында болады. Депрессия белгісі анықталған пациенттермен психологтар жұмыс істейді. Сондай-ақ, физиотерапевтік емшаралар жүргізіліп, кеуде клеткасына массаж жасалады. Өкпесі 50-60% зақымданған пациенттердің өкпе клеткасы жарты жылда қалпына келеді.

"Ауыр өткен ковид пневмониясынан кейінгі қалпына келу үрдісі – оңай әрі тез өтетін үрдіс емес. Әр адамда қалпына келу уақыты әртүрлі болады, ол адам ағзасына және созылмалы ауруға байланысты",-дейді ол.

Маман коронавирус инфекциясымен ауырған адамдарға белсенді қозғалуға, тыныс алу гимнастикасын жасауға, таза ауада жиі серуендеуге, ақуызы бар тамақтарды көп жеуге кеңес берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897410-koronaviruspen-auyrgan-adamny-densaulygy-kansa-uakytta-kalpyna-keledi/