"Асқазанға баллон орнаттық": Алматыда салмағы 200 келіге жуықтаған әйелді отаға дайындауда
Жарияланған күні:
Қазақстан халқының 21 пайызы артық салмақтан зардап шегеді. Сондай-ақ, әлемдегі өлім-жітім себептері арасында семіздік алғашқы бестікке енген. Артық салмақ адам өмірін кем дегенде жеті жылға қысқартатынын да көп ешкім біле бермейді. А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталық салмағы 196 келі тартатын әйел адамды отаға дайындауда. Арықтаудың өзге амалдары көмектеспеген науқастың қазіргі жағдайы туралы орталықтағы асқазан-ішек жолдары және эндокринді ағзалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әділ Шөкебаев айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Жақында салмағы 196 келі тартатын науқастың асқазанына арнайы баллон орнаттық. Асқазан ішіне баллон эндоскопиялық жолмен небәрі 10-15 минут ішінде қойылды. Осыдан соң науқас арнайы стационарлық бақылауды қажет етпейді, үйіне орала беруіне болады.
Баллон қоюдағы басты мақсат – асқазан көлемін жасанды түрде кішірейту. Баллонның көлемі 500-700 мл-ді құрайды және асқазан ішінде қосымша орын алып тұрады. Ол науқастардың тамаққа тез тоюына, аз тамақтануына, осының әсерінен артық салмақтан арылуына көмектеседі.
Баллон семіздіктен зардап шегетін науқастарды консервативті (диета, спортпен шұғылдану және т.б.) емдеу тиімсіз болған жағдайда немесе семіздіктің ауыр дәрежесі кезінде ота алды дайындық ретінде, дене салмағын алдын-ала азайту үшін қолданылады. Артық салмақпен күресуге бағытталған хирургия саласын «бариатриялық хирургия», яғни, "артық салмақ хирургиясы" деп атайды. Асқазанға баллон қою – бариатриялық отаның бір түріне жатады.
Науқасқа баллон бариатриялық отаға дайындық ретінде, алдын ала салмақ түсіру үшін орнатылды. Семіздікпен күресетін науқас үшін бұл бірінші кезең ғана. Алдағы уақытта оған бариатриялық ота жасалады. Біз науқас әйелдегі артық салмақты 100 пайызға жоюды көздеп отырмыз", - дейді дәрігер.
Әділ Абайұлының айтуынша, науқас артық салмақ салдарынан өміріне қауіп төнгесін А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығына қаралып, ұзақ уақыт бойы дәрігерлер бақылауда болған.
"Шамадан тыс семірген адамның ағзасында тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйелері өзгеріске ұшырайды, сүйек пен буынға салмақ түсу нәтижесінде тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылады, созылмалы және қайтымсыз жағдайлар туындайды. Артық салмақ қант диабетінің, гипертониялық аурулардың, стенокардия мен миокард талмасының, өтке тас байлану және т.б. аурулардың пайда болуына жол ашатынын қаперде ұстау керек. Қант диабетінің 44%-ы, жүректің ишемиялық ауруының 23%-ы және әртүрлі формадағы қатерлі ісіктердің 7-41 пайызы артық салмақ пен семіздіктің салдарынан өрбиді. Сондықтан, балалардың да, ересектердің де артық салмаққа келгенде абай болғаны жөн. Оның салдарымен күресу өте қиынға соғады", - дейді ол.
Айта кетелік, А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы асқазан-ішек жолдары аурулары бойынша былтыр 600-ге тарта науқасқа ота жасады. Жалпы алғанда, 2020 жылы қаралулар мен кеңес берулер саны екі жарым мыңға жуықтаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897501-asqazanga-ballon-ornattyq-almatyda-salmagy-200-kelige-zuyqtagan-aieldi-otaga-daiyndauda/