RU

Өскеменнің 24 жастағы тұрғыны елді интернет арқылы құрығына түсіріп, 10 млн теңге шығын келтірген

Ватсап1
Көрнекі фото: piqsels.com

Қарағанды облысының полицейлері интернеттің көмегімен қаржы пирамидасын құрған Өскемен қаласының тұрғынын анықтады деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның мәліметінше, қаңтар айының басынан бастап Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық полиция бөліміне қала тұрғындарынан белгісіз азаматшаға алданып қалғандықтары туралы арыздар түсе бастаған.

Алаяқ жәбірленушілермен әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, ұтымды бизнеске ақша құюға үгіттеген. Ол жәбірленушілерді қомақты табыс табуға болатындына сендірген.

Алаяқтың айтқанына сенген тұрғындар өздерінің жиған-терген ақшаларын белгісіз біреуге жіберіп отырған. Бірі алаяққа 100-200 мың теңге жіберсе, енді бірі 500-700 мың жіберген. Сәтбаевтың тағы бір тұрғыны алаяққа 2 миллион 700 мың теңге ақша жіберіп, сан соғып қалған.

Кейін, үстеме ақша былай тұрсын, өз ақшаларын ала алмай қалған тұрғындар полицияға арыз жазған.

Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалған.

Полиция қызметкерлері аталған қылмысты ашу және күдіктіні анықтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарған.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен Өскемен қаласының 24 жастағы тұрғынын анықтап, ұстаған.

Тергеу әрекеттері барысында алаяқ азаматшаның осындай алаяқтықтың 18 фактіне қатысы бар екені белгілі болды. Оның арбауына тек Сәтбаев қаласының тұрғындары ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да түскен.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 10 миллионды құрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897563-oskemen-turgyny-internet-arqyly-zabirlenusilerge-10-mln-tenge-sygyn-keltirgen/